Ақмола облысында мемлекеттік қызметшілердің 70%-і әйелдер

Ақмола облысында мемлекеттік қызмет саласында төрт мыңнан астам адам еңбек етеді. Оның 70%-і нәзік жандылар екен, деп хабарлайды 24kz.

Төртеуі басшылық қызметте. Әсіресе, соңғы жылдары аталған салада қыз-келіншектердің үлесі арта түскен.

Абзал Балтабаев, тілші:

- Айгүл Сәбитова облыстық мәдениет басқармасын басқарады. Білікті басшының жалпы еңбек өтілі 40 жылдан асқан. Соның тең жартысын ол мемлекеттік қызметке арнапты.

Айгүл Сәбитова, облыстық мәдениет басқармасының басшысы:

- 20 жылдың ішінде көптеген жақсы іс-шара, көптеген жақсы жобалар өмірге келді. Жақсы, талантты әріптестермен жұмыс жүзеге асырылды. Мен ойлаймын, мемлекеттік қызметші әрқашан патриот болуы керек. Мемлекеттік қызметші еліміздің айнасы сияқты. Сондықтан әрқашан адал, жауапкершілігі мол, елге қалаулы, елімен бірге болатын қызметші болу керек.

Айгүл Сәбитованың іскерлігі мен қарым-қабілетін әріптестері де жоғары бағалайды. Себебі, соңғы жылдары оның басшылығымен өңірдегі көптеген мәдениет үйі қалпына келтірілді. Шығармашылық ұжымдар да биік белестерді бағындырды. Айгүл Сәбитова тәлімгер ретінде де танылып келеді. Ол жас мамандарға мемлекеттік қызметтің қыр-сырын үйретеді.

Дина Бейсембаева, облыстық мәдениет басқармасының бөлім басшысы:

- 12 жыл бұрын мемлекеттік қызметке келген күннен бастап Айгүл Баубекқызы басшы ретінде, тәлімгер ретінде, еңбек жолында үлгі ретінде үлкен сабақ беріп, бүгінгі күнге дейін әлі де көмектесіп келе жатыр. Айгүл Баубекқызы өз ісіне адалдығын, әділ шешімдерді қабылдау, өз ісін сүйіп еңбек ету, жауапкершілік қасиеттерге үйреткен болатын.

Жалпы аймақта мемлекеттік қызметке жас мамандарды тартуға баса көңіл бөлініп отыр. Биыл 25 маман өңірлік кадр резервіне өтті. Алдағы екі жылда олар жергілікті атқарушы органдарда лауазымды қызметтерге тағайындалмақшы.

Авторлары: Абзал Балтабаев, Виктор Полянный