Елімізде Attar брендімен отандық дөңгелектер шығарыла бастады

Қазақстандық көліктер бұдан былай жолда отандық дөңгелекпен жүйіткитін болды, деп хабарлайды 24kz.

Саран қаласында жеңіл және жүк көліктерінің шинасын шығаратын зауыттың жұмысы қыза бастады. Биыл ғана іске қосылған кәсіпорынның жылына 3,5 млн дана дөңгелек шығаруға қауқары бар. «Қазақстанда жасалған» деген белгісі бар өнім ішкі нарықпен қатар шетелге де шығарылатын болады.

Отандық дөңгелек шығаратын зауыт өз өнімдерін Attar брендімен шығара бастаған. Яғни, көліктер тағасы таймайтын тау тұрпатты тұлпардай шапсын деген сөз. Қазақстандық шина қазір қауіпсіздік ережелеріне сәйкес барлық сертификатын алған. Бұл зауытта жұмыс шикізат пен қоспаларды дайындаудан бастап сапаны бақылауға дейін автоматты жүйеде жүргізіледі. 800-ге жуық озық технологиямен жабдықталған.

Радий Бурганов, зауыт директоры:

- Біз бүгін е-8 сертификатын алдық. Бұл біздің дөңгелектерімізді ішкі нарыққа шығарумен қатар экспорттауға құқық береді. Сонымен қатар Чехия мен Германияда ең жоғарғы талаптардан өтті. Биыл 1 миллион дөңгелек шығаруды жоспарлап отырмыз. Зауыттың өнімі ішкі нарықпен қоса отандық автокөлік зауыттарына және шетелдерге сатылатын болады.

Кәсіпорында бүгінде 530-дан астам қызметкер еңбек етеді. Болашақта жұмыс орнын 1 мыңнан асыру көзделіп отыр. Қызметкерлерге барлық қолайлы жағдай жасалған. Кәсіпорын басшылығы Саран қаласының әкімдігімен бірлесіп, жеңілдікпен баспана беру мәселесін қарастырып жатыр.

Дархан Әубәкіров, цех басшысы:

- Бізде өзіміздің зертханамыз бар. Онда бүкіл анализдер жасалады. Олар рұқсат бергеннен кейін ғана біз өзіміздің резина құймамызды ары қарай жөнелте аламыз. Анық таза, дайын, дөңгелек жинауға сай деген соң ғана жібереміз.

Шина зауыты тәуілігіне 12 мың тонна резеңке шығарады. Мұнда қолданылатын шикізаттың жартысынан көбі отандық өнім. «Ал, дөңгелек шығару барысында ең әуелі сапаға мән береміз», - дейді, кәсіпорын басшылығы.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Абдулхамит Бөлекбаев