Зеренді шипажайында 200-ге жуық бала жазғы лагерьде демалып жатыр

Ақмола облысында дарынды балаларға арналған «El Umitі-2024» жазғы оқу лагері жұмыс істеп тұр.

Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 200-ге жуық бала он күн бойы түрлі тренингтерге қатысып, әр саланың мамандарынан дәріс алады. «El Umiti» Корпоративтік қоры ұйымдастырған жазғы демалысқа «Qabilet», «Мың бала», «El Umiti» Премиясы сияқты жобалардың жеңімпаздары жолдама алады.

Жазғы лагерь табиғаты көркем Зеренді көлінің жағасында. Мұнда оқушылар демалып қана қоймай, өз білімін де шыңдайды.

Таңшолпан Самбаева, оқушы:

- Тәлімгер тренингі өтіп жатыр қазіргі таңда. Бұл бізге қалай жоба істеу керек екенін, сонымен қатар көптеген жаңа инсайттар алдық.

Оқушыларға елге танымал тұлғалар дәріс оқып, тәжірбиесімен бөлісуде. Ақын Серікзат Дүйсенғазы, тележүргізуші Асаубек Айымбетов, блогер Алексей Лодочниковтер демалушыларға шеберлік сағатын өткізді. Сондай-ақ эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт ұйымдастырылды.

Серікзат Дүйсенғазы, ақын:

- «Ел үміті» қоры қаржы бөліп, жастарды демалтып, осындай дүние жасап жатыр. Бұл, әрине, біздің болашақ Қазақстанның дамуына, біздің осы талантты жастарымыздың елдің патриот азаматы болып өсуіне, Қазақстанның ертеңіне ықпал етеді деп ойлаймын.

Әсем Үсенова, «El Umiti» корпоративтік қорының жоба үйлестірушісі:

- Жыл бойы біздің қатысушыларымыз өз білімдерін шыңдайды. Яғни, жыл бойы жобаларға қатысып, өздерін көрсетеді. Біз ол балаларды біріктіріп, мотивация беру мақсатында олардың басын қосамыз. Жалпы алғанда, яғни, оларға берген тәлім-тәрбиеміз,олардың болашақтарына деген бір саты жоғарылап, өздерін шыңдауға негізделеді.

Айталық, «El Umiti» қоры бір миллионнан аса баланың көшбасшылық қабілетін ашып, кәсіби маман ретінде қалыптастыруды қолға алып отыр.

Авторлары: Абзал Балтабаев, Виктор Полянный