RAMS Kazakhstan Алматыда халықаралық форум өткізді

RAMS Qazaqstan Алматыдағы ең биік ғимараттың құрылысын бастамақ.

Көп салалы Almaty PARK кешені заманауи технологиялармен жабдықталады. Сондай-ақ «Саяхаттағы» сағатты қалпына келтіреді. Бұл туралы Алматыда өткен дәстүрлі RAMS PARTNERS REAL ESTATE SUMMIT халықаралық форумында айтылды. RAMS Qazaqstan құрылыс компаниясының ұйымдастыруымен өткен жиынға жылжымайтын мүлік саласының көшбасшылары мен сарапшылар қатысты.

RAMS Qazaqstan форумға қатысушыларды еліміздің тұрғын үй нарығындағы жоспарларымен таныстырды. Соның бірі Almaty PARK кешені. Қаладағы ең биік нысан 6 ғимараттан тұрады. 900 пәтерлі кешенде әлеуметтік және бизнес нысандар да қарастырылған.

Джем Джиритджи, RAMS Qazaqstan бас директорының орынбасары:

- Алматы қаласы бойынша 10-12 жобамыз бар. Соның бірегейі Алматыда қонақ үй, бизнес-орталық пен тұрғын үй кешені әрі shopping room-ы бар Almaty PARK ғимаратын салуды бастаймыз. Бұл кешенге халықаралық танымал брендтер де келеді. Қаладағы ең үлкен әрі биік ғимарат болмақ. Құрылысын 2 жылдан соң аяқтауды жоспарлап отырмыз.

Одан бөлек құрылыс компаниясы Алматы үшін маңызды әлеуметтік жобаны қолға алған. Ол Саяхат автобекетіндегі сағат. Көненің көзіндей болған сағат қайта орнатылады. Сондай-ақ RAMS Global Дубай, Мәскеу мен Стамбұлда, Бодрумда және Тайланд, Германия, Венгрияда ірі жобаларды жүзеге асырып жатыр.

Евгения Кожа-Ахмет, RAMS Qazaqstan PR-директоры:

- Бұл форумның мақсаты – компанияның серіктестерін бір жерге тоғыстыру. Ақпарат алмасып, RAMS Qazaqstan компаниясының жоспарларымен таныстыру. Біздің компания 27 жылдан бері тұрақты қызмет етеді. Бүгінде құрылыс саласынан бөлек медиа, қонақ үй және мейрамхана бизнесінде де қызмет көрсетіп келеді.

RAMS Qazaqstan 1997 жылы құрылған. Алматы нарығына кіргелі бері 90-нан аса жобаны жүзеге асырды. «Комфорт», «Бизнес» және «Премиум» санатында 20 мыңнан аса пәтер немесе 4 млн шаршы метрден астам коммерциялық және тұрғын үй кешенін пайдалануға берген.

Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов