Ақтауда баспана жәрмеңкесі өтті

Ауқымды шараны "Отбасы банк" тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің" Маңғыстау облыстық филиалы ұйымдастырды.

Жәрмеңкеге тұрғындармен қатар жетекші құрылыс компанияларының өкілдері қатысты. Қаржы ұйымының мамандары «Отау» және «Наурыз» бағдарламасы бойынша ипотека алу жолдарын көрсетіп, сұрақтарға жауап берді.

Жәрмеңкеге келген   көпшілік жаңа пәтерлердің бағасын саралап, «Отбасы банк» ұсынған жеңілдетілген ипотека алу жолдарымен танысты. Қаржы ұйымы биыл «Наурыз» бағдарламасын іске қосқан болатын. Жоба бюджеті 300 млрд теңге. Қазірдің өзінде оған мыңдаған маңғыстаулық өтінім берген. 

Мерей Сәрсенғали, қала тұрғыны:

- «Отбасы» банкпен жұмыс жасайтын құрылыс компаниялары үйлерін қарап, білмеген сұрақтарымызға жауап алып жатырмыз. Өте жақсы шара. Алдағы уақытта жалғасын тапса, керемет болады деп ойлаймын.

«Наурыз» бағдарламасы 8 жылға жалғасады. Осы аралықта 68 мың қазақстандық қоныс тойын тойлайды деп күтіледі. Бастапқы жарнасы 20, ал жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 9 пайыз. 30 млн теңгеге дейін несие рәсімдеуге болады. Астана және Алматы тұрғындарына 36 млн теңгеге дейін беріледі. 

Гүлмира Сармысова, «Отбасы банк» АҚ Маңғыстау ОФ бөлім бастығы:

- Қатысу үшін депозит ашу керек болады. Немесе бар депозитке 1 млн теңге салып, атында үй болмауы керек. 5 жылға дейін өзінде, жанұясында. Оtbasybank.kz сайтында ЭЦП кілті арқылы өтінім бере алады. Маңғыстаулық болсын, жалпы Қазақстан азаматы кез келген қаладан үй алуына болады. 

Банк өкілдері «Отау» бағдарламасы бойынша 289 өтінім түскенін хабарлады. Олар қаржы жинағының мерзімі 18 айдан асқан қазақстандықтар. Үміткерлерге "Баспана маркет" порталында 320 тұрғын үйден 9169 пәтер ұсынылды. Соның 939-ына тапсырыс берілді. Енді жаңа пәтерде Астана, Алматы, Шымкент, Абай, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау облысының тұрғындары қоныс тойын атап өтеді.

Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев