Тың жобаның тиімділігі артады
Қазақстандағы әр елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық даму жоспары болуы керек.
Ауылдың әлеуетін көтеруге арналған бастамалар осы құжат негізінде жүйелі жүзеге асуы тиіс. Қызылордада «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асу барысымен танысқан Үкімет басшысының кеңесшісі Ералы Тоғжанов осындай ұсыныс айтты.
Басқосуда жұмыссыздықты азайтып, ауылдықтардың табыс көзін арттыру тетіктері талқыланды.
Былтыр еліміздің бірқатар өңірінде «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру үшін бөлінген қаржы көбіне төрт түліктің басын көбейтуге ғана жұмсалған. «Дегенмен ауыл-аймақтарда азық-түлік өндірісінің көлемі төмен. Бұл – ауыл әлеуетін көтеруге арналған бастамаларды әлі де жүйелей түсу қажеттігін аңғартады», - деді Үкімет басшысының кеңесшісі Ералы Тоғжанов.
Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі:
- Бөлінген ақшаның 80 пайызы өткен жылы малға жұмсалды. Бұл ауылдағы терең талдаманың жүргізілмегенінің салдары деп айтуыма болады.
«Ауыл аманаты» жобасы бойынша былтыр Қызылорда облысына 3 миллиард теңге бөлінді. Оның аясында 406 жоба қаржыландырылып, жеті жүзден астам жұмыс орны ашылды. Басқосуда ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан жасалған өзгерістер де айтылды.
Әли Әкімжанов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің департаменті басшысының орынбасары:
-Информациялық жүйе ойлап табудамыз. Ауыл аманаты енді бұрынғыдай қағаз жүзінде құжаттармен берілмейтін болады. Электронды сайтқа кіру арқылы қабылданатын болады.
Бұл өзгерістер ауыл халқының жұмыссыздық мәселесін шешу және табыс көзін арттыру үшін маңызды, - дейді мамандар.
Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:
- 19 миллиард теңгенің үстінде жоба жасап, осының барлығын тиісті министрлікке ұсындық. 2023 жылы осы 3 миллиардтан артық ақша бөлінбеді. 2024 жылға берілейін деп жатқаны 4 миллиард 600 миллион теңге.
Биыл Сыр өңірінде «Ауыл аманаты» арқылы 575 жобаны жүзеге асырып, 600-ден астам жұмыс орнын ашу көзделген.
Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев, 24.KZ, Қызылорда облысы