Семейлік жастар Ұлттық құрылтайды Абай елінде өткізуді сұрады

Мемлекет басшысының кеңесшісі Мәлік Отарбаев Абай облысына жұмыс сапарымен барды.

Президент кеңесшісі өңір тұрғындарымен кездесіп, халықтың мәселелерін тыңдап қайтты. 

Рүстем Қайратұлы, тілші:

- ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаевпен кездесуге қоғам белсенділері мен жастар жиналды. Семейліктер Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысы Абай жерінде өтсе екен дейді. Бұған қоса, белсенділер, қаладағы мәдениет ошақтарының болашағына қатысты ұсыныстарын жеткізді.

Мерей Қарт, облыстық мәслихат депутаты:

- Біздің руханиятымызға үлкен қызмет етіп келе жатқан 95 жылдық тарихы бар Абай театрына академиялық атағын берсе және Абайдың табаны тиген Абай кітапханасына ұлттық статусы берілсе деген ұсыныстар Президент кеңесшісінің назарына ілікті. Ары қарай үлкен іс болып жалғасып, орындалса деген үмітіміз бар.

Кездесу барысында қоғам өкілдері өңірдегі бірқатар өзекті мәселелерді қозғады.

Николай Исаев, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі:

- Тарихи тұрғыдан алсақ, біз Орталық Азия мен Еуразия континентінің логистикалық орталығы болдық. Бұл үшін бізде үлкен мүмкіндіктер бар.Мен Президент кеңесшінің бізді тыңдағанына өте қуаныштымын. Болашақта барлық мәселелер оң шешімін табады деп сенемін.

Президент кеңесшісі мәселелерді мұқият тыңдап, қажетті шаралар кезең-кезеңмен қабылданатынын айтты. Ал оң нәтижеге жету үшін халықтың береке-бірлігін сақтау маңызды. Өйткені ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайды, деді.

Мәлік Отарбаев, ҚР Президентінің кеңесшісі:

- Біз бүкіл саясатымызды, ішкі саясатымызды осы ынтымақ пен бірлікті сақтауға арнап отырмыз. Сондықтан мына дүние арқылы жалпы қоғамды бөлетін, қоғамды жік-жікке бөлетін дүниелерден алыс болуымыз керек. Онсызда енді масс-медиа туралы заң қабылданды. Президент қол қойды, енді жауапкершілікпен қарайтын боламыз. Ынтымақ пен бірлік – біздің ең мызғымайтын күн.

Президент кеңесшісінің жұмыс сапары Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен кездесуге ұласты. Мәлік Отарбаев жиналғандарға су тасқыны кезінде белсенділік танытқаны үшін алғыс білдірді.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов