Қазақстанда алтын өндіретін ірі компанияның атауы өзгерді
Қазақстанда алтын өндірісімен айналысатын ірі компанияның атауы өзгерді.
Оған ресейлік Polymetal International акционерлік қоғамының өз үлесін сатуы себеп. Сондықтан акционерлер шешімімен компанияға Solidcore Resources деген атау берілді. Бұл өзгеріс алтын өндірісіне қалай әсер етпек? Компанияның әлеуметтік саясаты қалай болмақ?
Бұрыңғы Polymetal International қазіргі Solidcore Resources компаниясы еліміздің алтын өндірісіндегі көшбасшылардың бірі. Осы компанияға қарасты Қостанай облысындағы «Комаров» кенішінен жылына ашық әдіспен 2,7 миллион тонна кен алынады.
Қайрат Наурызов, «Комаров тау-кен кәсіпорыны» ЖШС атқарушы директоры:
- Қазіргі кезде бұл кеніштің қуаты 19 мың текше метр болса, соның 2,5-3 миллион тоннасы шикізат кені. Шамамен бір тонна кеннен 1,5 грамм таза алтын алынады. Бүкіл руда осы өңірдегі Варварин фабрикасына жіберіліп, сол жерде өңделеді.
Бұл кен орынының қоры кемі он жылға жетеді. Болашақта Жітіқара ауданы аумағында тағы бір алаңда қазба жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Өндірісті кеңейтуге бағытталған мұнан да басқа инвестициялық жобалар аз емес.
Игорь Шеваловский, «Solidcore Eurasia» ЖШС Әлеуметтік саясат және қоғаммен байланыс жөніндегі бас директордың орынбасары:
- Компанияның ірі жобасының бірі - Павлодарда Ертіс гидрометаллургиялық комбинат салу. Ол 2028 жылы тапсырылуы тиіс. Бес жыл ішінде бұл құрылысқа бір миллиард доллар инвестиция құйылады. Жоба жүзеге асқанда алтын өндірісі 510 мың унцияға артады. Жаңа кен орындарын табу үшін геологиялық барлау жұмыстарын жүргіземіз.
«Компания брендінің өзгеруі әлеуметтік саясатқа еш әсер етпейді», – дейді мұндағылар. 2016-2023 жылдар аралығында кәсіпорын түрлі әлеуметтік жобаларға бір миллиард теңге жұмсаған.
Антон Труханов, «Комаров тау-кен кәсіпорыны» ЖШС қоғаммен байланыс жөніндегі директоры:
- Соның ішінде ең негізгісі аудандық ауруханаға компьютерлік томограф сатып алдық. Құны - 174 миллион теңге. Соның арқасында жітіқаралықтар ғана емес, көршілес Қамысты, Денисов ауданының тұрғындары да алысқа шапқыламай осы жерде медициналық тексерістен өту мүмкіндігіне ие болып отыр.
Сондай-ақ Комаров кәсіпорынының қаржылай қолдауының арқасында Жітіқарадағы «Жігер» стадионы қайта жаңғыртылды. Кәсіби тұрғыда жаттығу алаңы салынды.
Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг