Шымкентте алып стадионның құрылысы басталды

Шымкентте елдегі ең үлкен заманауи стадионның құрылысы басталды.

Спорттық нысан халықаралық ұйымдардың талабына сай болады. Бүгін футбол аренасының іргетасын қалау рәсімі өтіп, жұртшылыққа құрылыс жобасы таныстырылды.

Жаңа стадион үшін Тұран-2 шағын ауданынан 21 гектар жер таңдалды. Құрылыс аумағында капсула қою рәсімі өткізіліп, қоғам қайраткерлері мен футбол ардагерлері және жергілікті «Ордабасы» командасының ойыншылары қатысты.

Ғабит Сыздықбеков, қала әкімі:

- Бәріміз бірігіп осы тарихи сәттің куәсі болуға бас қосып отырмыз. Тек қана футбол тамашалайтын екінші стадионның қажеттілігі туындады. Сол себепті баршаңызға құтты болсын деп айтқым келіп отыр. 

Жоспар бойынша жоба құрылысы 2 жылға созылады.Сыйымдылығы 35 мың адамға лайықталған сәулетті спорттық нысан бой көтереді. Халықаралық деңгейдегі ойындарды өткізуге болатын табиғи көгал төселіп, трибуналары жасыл алаңға жақын салынады. 

Олжас Тәжібаев, қалалық құрылыс басқармасының басшысы: 

- Международный стандарттарға сай келетіндей қылып сол жұмыстарды атқарып жатырмыз. Қосалқы стадиондар қосылады. Тринеровочный база деген сияқты. Заманауи дегеннен кейін бүкіл удобство қарастырылап, жоба дайындалды.

Футбол сүйер қауымның қалауы бойынша қолданыстағы орталық стадион орнында қалады. Жаңа құрылыс аяқталғаннан кейін Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы кешен де күрделі жөндеуден өтеді. 

Исматулла Төлепбергенов, қала тұрғыны:

- Футбол деңгейі көтеріліп жатыр. Бұрын біздің стадионға ең көп болса 5-6 мың адам ғана жиналатын. Қазір Құдайға шүкір 20 мыңдық стадионға 25 мың адам келіп жатыр. Енді жаңа стадионға келу деген өзіңіз білесіз жаңаның аты жаңа.

Аймақ халқының футболға деген ықыласы айрықша. Сондықтан жаңа стадионның жанынан жаттығу залдары мен қосымша кіші алаңдар да тұрғызылады.