Қостанайдағы зауыт бес айда 35 мың автокөлік шығарды
Қостанайдағы Аллюр автозауыты бес айда 35 мың көлік шығарды.
Кәсіпорында әлемге әйгілі Кіа, Шевролет, Джак, Хончи, Джетур сияқты бренд түрлері құрастырылады. Және тек жинап құрастыру емес, дәнекерлеу, бояу сияқты күрделі технологиялық процесстер атқарылады. Оған автозауытқа арнайы келген утилизация алымына қатысты петицияны қарау жөніндегі жұмыс тобының мүшелері көз жеткізді.
Аллюр автозауытында 3 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Дені жастар. Баубек Базарбай колледжді автоэлектрик мамандығы бойынша тәмамдап, бірден осы зауытқа келген.
Баубек Базарбай, ALLUR автозауытының слесарі:
- Машинаның есіктері құрастырылады осылай жеке-жеке. Және ішкі салондар жиналады. Мыңнан астам бөлшектер бар, мың жарым деталь жиналып, құралады осында. Бір сағатта сегіз машина шығады бір линиядан, бір ауысымда алпыс машинадай шығады.
Соңғы бір-екі жылда автоөндірістің отандық үлесін арттыру мақсатында Allur компаниясы бірнеше жобаны іске асырды. Мысалы, биыл Chevrolet Onix автокөлігінің ұсақ торапты өндірістік желісі іске қосылды. Жақында автоматтандырылған пластик бөлшектерін бояу цехы ашылды. Одан қалды Қостанайда қосалқы бөлшектер өндіретін оқшаулау орталығын салу жоспарда бар.
Әділ Шайкемелов, ALLUR автозауытының өндірісті оқшаулау бөлімінің басшысы:
- Қазіргі таңда ұсақ түйінді құрылымды төрт моделін меңгеріп отыр. Бұл Шевролет, Джак, Киа брендтері. Және де қазіргі таңда осы төрт брендке тоқталмай, әрі қарай өндіріс қарқынын ұлғайтып, жаңа моделмен, жаңа брендтер ұсақ түйінді құрылымдарға көшеді. Және олардың көлемі ұлғая бастайды.
Ұсақ түйінді деп отырғаны көліктің әрбір ұсақ тетіктерін осындағы өзіміздің мамандар автоматтандырылған желі бойында жинап, бекітеді. Бір ғана роботты лазерлік технологиямен 2 мың 800 нүкте дәнекерленеді.
Олжас Кұспеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, жұмыс тобының жетекшісі:
- Қазақстанда өндіріс желісі автоматтандырылған «Аллюр» сияқты заманауи бірқатар завод бар. Өзіміздің азаматтар жұмыс істейтін сондай кәсіпорындар жайлы халық білуі керек. Популистік әдіспен жұмыс орындарын ашып, өндірісті дамытып жатқан инвесторлар мен осындағы мамандардың өлшеусіз еңбегін жоққа шығаруға болмайды.
Өз сөзінде Олжас Құспеков өнеркәсіпті дамыту мен утилизация алымы жеке дара мәселелер екендігін атап өтті. Себебі автоөндірушілерге тікелей утильдік төлем түспейді. Сондықтан оған оларды мүдделі деп айыптауға еш негіз жоқ деді. Утилизация алымына қатысты жұмыс тобы осыған дейін Көкшетау, Семей, Алматы қалаларындағы өнеркәсіп орындарында болып, осы мәселені талқыға салды.
Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг