Алматыда «New Vision: Бизнес күші» ауқымды бизнес-форумы өтті

Жасанды интеллект дәуіріндегі жаһандық бизнес пен нарықтағы өзгерістер.

Алматыда осындай тақырып аясында «New Vision: Бизнес күші» ауқымды бизнес-форумы өтті. Оған интернет новатор Джефф Хоффман, Virgin Group негізін қалаушысы Ричард Брэнсон, жетістік психологиясы саласындағы әлемдік сарапшы Брайан Трейси мен кәсіпкерлер, инвесторлар, технологиялық көшбасшылар қатысты. Жобаға Nobel Fest білім беру платформасы мен Young Presidents Organization Kazakhstan кәсіпкерлер қауымдастығы бастамашы болды. 

Қазіргі жаһандық мегатрендтер, жасанды интеллект, бизнес пен нарық, осы дәуірдегі көшбасшылық. New Vision форумы осы тақырыптарды қамтыды. Алматы -мұндай ауқымды шараны өткізу үшін кездейсоқ таңдалған жоқ. Себебі шаһарда инвестициялық жобаларды дамытуға барынша қолайлы жағдай жасалған. Тек өткен жылдың өзінде мегаполиске шетелден 1 млрд долларға жуық инвестиция тартылды. 

Қанат Көпбаев, Kusto Group компаниясының негізін қалаушы-серіктесі:

- Форумның ауқымы кең. Экспоненциалды инновациялар, біз өзімізді қалай жақсы жаққа өзгерте аламыз, жасанды интеллектінің мүмкіндіктері, трансформация, көрегендік осы тақырыптарды алдық. Мұндай шаралар жаңа білім әкеледі. Оң өзгерістер туғызады. Халықтың бизнеске деген түсінігін қалыптастырады. Яғни қатысушылар өзіне керегін алады. Әрине, біз тек алға ұмтылуды, жаңашылдықты енгізуді қолдаймыз.

Мұнда халықаралық бизнеске қызығушылық артып келеді. Жергілікті стартап жобаларға да сұраныс жоғары. Форумға 10 мыңға жуық адам тіркелді. 50 панельдік сессия ұйымдастырылды. Оған әлемге танымал сарапшылар қатысып, тәжірибесімен бөлісті.

Вячеслав Голик, инвестор:

- Өте қызықты форум. Мені  халықаралық ауқымда өтіп жатқандығы қуантады. Қатысушылар сарапшыларды мұқият тыңдап, пікір алмасып жатыр. Қазір әлем қай жағынан болсын, жылдам даму үстінде. Сондықтан мұндай диалог алаңы әбден қажет.  Жаһандану дәуірінде білім мен жаңа технологияларды үйренуге инвестиция жасау қажет.

Сондай-ақ, осы шарадан түскен қаражаттың 50 проценті еліміздегі су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге аударылады. Форум ұйымдастырушылары осындай шешім қабылдады.

Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарынбаев