Ақтөбеде судан жарамсыз болып қалған үйлерді бұзу басталды
Ақтөбеде су тасқынынан жарамсыз болып қалған үйлерді бұзу жұмыстары басталды.
Әзірге қалада 200-ге жуық баспана апатты деп танылып отыр. Оның ішінде 75 үйдің иесі комиссия шешімімен дайын пәтерлерге көшірілді. Қалғандарын да қамту қолға алынды. Қазір тасқын зардабын жою, келген шығынды өтеу жалғасып жатыр.
Апатты деп танылған үйлерді бұзу «Новостройка – 2» бау-бақша ұжымынан бастау алды. Алғаш болып мұнда үш баспана сүрілді. Барлығы да көктем кезінде іргедегі Елек өзенінің тасуынан қатты зардап шеккен. Бұл жұмыстар тиісті заңға сәйкес, адам өміріне қауіп болмас үшін атқарылып отыр.
Сұлтан Аманчин, қала әкімінің орынбасары:
- Қазіргі уақытта 75 нысан бар. Барлық азаматтарға бір ай уақыт берілді. Өздерінің жеке заттарын алып шығу, кейбір азаматтар құрылыс материалдарын алып кетіп жүр. Содан кейін барлық нысандардың жерлері мемлекетке қайтарылатын болады.
Тұруға жарамсыз үйлердің иелеріне дайын баспана сатып алынып берілуде. Әзірге қаладағы Алматы ауданының тұрғындары қамтылды. Аудан бойынша тасқыннан кейін 3600-ден астам өтініш қаралыпты. Нәтижесінде, 200-ге жуық үй апатты деп танылып отыр. Енді бұл мәселеге қатысты шешім қабылданбақ.
Сайлау Медетбаев, қала тұрғыны:
- Суға кетті, ішіне кіріп почти бәрін қалқытып жіберді. Дымда сұраған жоқпын. Маған орнына үй берсін дедім, үй берді. рахмет акиматқа, бір комнатты үй берді. Қуаныштымыз.
Асланбек Шүйіншалиев, Алматы ауданының әкімі:
- Тек қана арнайы қорлар арқылы жаңадан салынған үйлерден немесе екінші нарықтағы үйлерден азаматтардың өз таңдауы бойынша тікелей сатып алып беру жұмыстары жүргізіледі. Ал, үйі жөндеуге жарайтын болса, онда өтемақысы бағалау қортындысына сәйкес өтемақысы берілетін болады.
Тасқыннан келген шығын көлемін анықтау үшін құрылған комиссия жұмысы әлі жалғасып жатыр. Онда апаттан зардап шеккендердің өтініштері қаралуда.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Айнадин Молдабеков