NU президенті тағайындалды

Британ профессоры Вакар Ахмад NU президенті болып тағайындалды, деп хабарлайды 24kz.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жаңа басшыны оқу орнының ұжымы мен студенттеріне таныстырды. Шетелдік маман бұған дейін Абу-Даби университетін басқарған.

Әлемнің ең үздік университеттері қатарындағы NU президентін таңдау бір жылға созылған. Осы аралықта 2 мыңға жуық өтініш сараланды. Өйткені бұл міндет халықаралық біліктілікті, озық тәжірибе мен жауапкершілікті талап етеді. Арнайы құрылған комиссия маман таңдауда негізгі 3 қағидаға мән берген.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

- Үш принципімізге сай келді. Академиялық ортадан шыққан. Өзі ең төмен сатылардан көтерілген. Екіншіден, мықты халықаралық университетті жоғары деңгейге көтерген және үшіншіден, мемлекеттік басқару, мемлекеттік саясатты түсінген азамат. Сондықтан қамқоршылар кеңесі бірауыздан осындай шешім қабылдады.

Профессор Вакар Ахмадтың академиялық ортадағы еңбек өтілі мол. Сондай-ақ Ұлыбритания Премьер-министрі кеңсесінің Ғылым департаментін басқарды. Қазақстанға келгенге дейін ол жеті жылдай Абу-Даби университетінің ректоры болған.

Вакар Ахмад, NU президенті:

- Абу-Даби университетінде қызмет атқарған кезде NU ғалымдарымен бірге жұмыс істеген едім. Сол кезде олардың жоғары қарым-қабілетіне таңғалып, академиялық тәуелсіздігін байқадым. Енді, міне, осындай оқытушылары бар білім ордасына басшы болып келгеніме қуаныштымын. Тәжірибеммен бөлісіп, университеттің көшін одан әрі өрге сүйреуге тырысамын.

Вакар Ахмад беделді ғылыми басылымдарда жарияланған 90-нан астам зерттеу еңбегінің авторы.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Руслан Әлиев