БҚО-да минералды су өндірісі іске қосылды
Батыс Қазақстан облысында тағы бір өндіріс орны ашылды. Жаңа кәсіпорында минералды су шығарылады, деп хабарлайды 24kz.
Зауыт топырағы табиғи ресурстарға өте бай Теректі ауданында орналасқан. Инвестиция тарту мақсатында өңірде барлық инфрақұрылыммен қамтылған қолайлы экономикалық аймақ құру көзделіп отыр.
Талғат Серікқалиұлы, тілші:
- Кәсіпорында тәулігіне 100 мың литр минералды су немесе 66 мың дана 1,5 литрлік бөтелкедегі сусын шығарылады. Жоғары технология көмегімен жұмыс істейтін өндіріс желісі толық автоматтандырылған. Шикізат әйгілі Ақжайық кен орнынан алынады. Жобаға тартылған инвестицияның жалпы көлемі – 2,5 миллиард теңге.
Әлішер Бектұрғанов, кәсіпорынның бас директоры:
- Болашаққа жоспарымыз – қосымша тағы 3 желіні іске қосу. Сонда барлығы 4 желі болады. Қалған үш желі тәтті сусындар мен шыны ыдыстарға құюға арналмақшы.
Зауыт толық қуатына шыққан кезде кәсіпкер жұмыс орындарының санын 100 адамға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде мұнда 60 шақты ауыл тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылған.
Нариман Төреғалиев, Батыс Қазақстан облысының әкімі:
- Мемлекет басшысының тапсырмасы бар, жалпы инвестиция тартуға қатысты, шағын және орта бизнесті дамытуға қатысты. Қазірдің өзінде біз 3,7 миллиард теңгеге жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Зауыттың болашағын көріп отырмыз, үлкен перспективасы бар, біздің мақсатымыз – осындай үлкен жобаларды қолдау. Теректі ауданында индустариалды зонамыз бар. Сол аумаққа біз қазір үлкен-үлкен жобаларды әкелуге тырысып жатырмыз. Алдағы мақсатымыз – арнайы экономикалық аймақ құру.
Былтыр инвесторлар өңір экономикасына 600 млрд теңгеден астам қаржы салды. Ал, биыл аймақта жалпы құны 118 млрд теңге болатын 26 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Эльдар Аюпов