Елордада Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің VII отырысы өтті
Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары шеңберінде елордада Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің VII отырысы өтті, деп хабарлайды 24kz.
Онда 40-тан астам құжатқа қол қойылды. Оның 15-сі «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына кіретін компаниялар тобына тиесілі.
Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің VII отырысына 500-ден астам отандық кәсіпкер мен 70-тен астам қытайлық компания өкілдері қатысты. Қол қойылған келісімдерге сәйкес, аспан асты еліне тартылған мұнай құбырымен бірге, «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры да кеңейтіледі. Тағы Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытының қуаттылығы екі есе ұлғайтылады.
Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқармасының төрағасы:
- Инвестиция көлемі 3,7 млрд АҚШ долларын құрайды. «Самұрық-Қазына» АҚ қытайлық Sany Group компаниясымен қол қойды. Сол келісімге сәйкес, Жамбыл облысында жел электр қуаты жабдықтарын шығару зауытын ашамыз.
«Зауыт келесі жылдың соңына дейін іске қосылады. Бұл бірінші кезекте отандық өндіріс сапасын арттырады», - дейді Нұрлан Жақыпов. Тағы Қытайдың ірі электр компаниясы қазақстандық МАЭК-пен бірлесе, Маңғыстау облысында парогаз станциясын салу бойынша келісімге келмек. Жоба ойдағыдай жүзеге асса, 2026 жылы пайдалануға беріледі.
Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқармасының төрағасы:
- «Қазпошта» YTO Express компаниясымен келісімге қол қойды. Бұдан былай поштаны жеткізу, сұрыптау және коммерция бойынша қызмет сапасы артып, жұмысқа жұмсалатын уақыт қысқарады. Логистика туралы айтсақ, заманауи локомотивтерді елге әкелу бойынша «Қазақстан темір жолы» қытайдың CRRC компаниясымен келісімге қол қойды.
Құжат аясында Қытайдан Қазақстанға 200 локомотив жеткізіледі. ҚТЖ мен «Ляньюньган порты» арасындағы Ақтау порты базасында контейнерлік хаб салу жобасына инвестиция салу келісімі де бар. «Самұрық-Қазына» басқармасының төрағасы қытайлық компанияларды ұлттық әл-ауқат қорының жобаларына көптеп инвестиция құюға шақырды. Қор портфеліне құны 100 млрд АҚШ доллары болатын 130-дан астам жоба кіреді.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ақылбек Есімсейітов, Болат Абдуллин