С. Жаркешов CNPC директорлар кеңесінің төрағасы Д. Хоулянмен кездесті
Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті аясында "QazaqGaz" ұлттық компаниясы басқармасының төрағасы Санжар Жаркешов CNPC директорлар Кеңесінің төрағасы Дай Хоулянмен кездесті.
Дөңгелек үстел барысында газ тасымалдаудағы бірлескен ірі жобалар бойынша стратегиялық мәселелер талқыланды.
Атап айтсақ, “Бейнеу-Бозой-Шымкент” магистральді газ құбыры мен "Азиялық газ құбыры" жобалары туралы сөз болды. Газ экспорты, отандық газ тасымалдау жүйесінің транзиттік әлеуеті, көгілдір отынды геологиялық барлау бағытындағы жобалар бойынша пікір алмасты.
Айта кеткен жөн, QazaqGaz акционерлік қоғамы CNPC компаниясымен ұзақ жылдар бойы орнаған екіжақты серіктестікті ары қарай дамытуға ниетті.
Санжар Жаркешов, "QAZAQGAZ" ҰК" АҚ басқармасының төрағасы:
- Ынтымақтастық ары қарай кеңейтіледі деп ойлаймыз. Өйткені тағы да бір жақсы жаңалық – геологиялық барлау жұмыстары. Нақты кесілімшартқа әлі қол қойылған жоқ. Өйткені бұл "АқтөбеМұнайГаз" компаниясымен бірлесе жасалатын жұмыс. Сондықтан, онда потенциал бар деп ойлаймыз. Біз "QazaqGaz" ұлттық компаниясы ретінде тауарлық газдың ресурстық базасын арттыруға мақсат қойып отырмыз. Сондықтан CNPC компаниясы әлемдік лидер, тәжірибесі бар. Қазақстанда 30 жылдай жұмыс істеп келе жатқан компания. Сондықтан біз бірлескен жобаларды қарастыра береміз.