«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы БҚО-ға жетті
«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Батыс Қазақстан облысына жетті.
Шалғай тоғыз елді мекеннің тұрғындары білікті дәрігерлердің көмегін тегін алу мүмкіндігіне ие. Сонымен қатар оларға заңгер мен медиаторлар да қызмет көрсетеді.
Медициналық пойыз таңғы сағат 9-да Переметный станциясына аялдады. Осы аудан орталығында 6 мыңнан аса адам тұрады. Тұрғындар шағын емхана іспетті вагондарды жылда асыға күтеді.
Дариға Иманқұлова, Атамекен ауылының тұрғыны:
- Хирургте болдым. Кеуде қуысым ауырып тұр. Мені компьютерлік томографияға жіберді. Әрі қарай емделетін болдым. Пойыз бізге жылда келеді. Келген сайын мамандарға қаралып шығамын.
Анар Ыбырайымова, хирург:
- Бұл біздің операция жасайтын шағын кабинетіміз. Мұнда түрлі медициналық көмек көрсетіледі. Жарақатты таңып, терідегі липома, атерома, гигрома сияқты ісіктерді кесеміз. Қажет болса сынған жерлерін гипстейміз.
Пойызда 22 білікті маман бар. Тұрғындар консультациялық көмек алып қоймай, ультра-дыбыстық зерттеу, электрокардиограмма мен рентгеннен өте алады. Қысқасы, дәрігерлер адамдарды түрлі аппаратпен тексеріп, емін жазып береді.
Бақытжан Нарымбетов, БҚО әкімінің орынбасары:
- Қазірдің өзінде 3 станцияны аралап екі мыңға жуық тұрғындарымызға медициналық көмек көрсеткен болатын. Қазір осы бірнеше күн ішінде 5 аудан және 9 станцияны аралап, бұдан да сан көрсеткіштер көбейеді. Переметное ауылында 100-ге жуық адам таңғы 9-дан бастап кеоіп отыр. Бұл нені көрсетеді? Бұл осы жобаның өзектілігін және қажеттілігін көрсетеді.
«Саламатты Қазақстан» пойызы облыста 13 шілдеге дейін болады. Соңғы күні Шыңғырлау ауданының тұрғындары дәрігерлердің тексеруінен өтеді. Ары қарай Қостанай облысына жол тартады.
Данияр Сұлтанұлы, Әлбина Құмарғалиева