"Самұрық-қазына" компаниялар тобы 15 құжатқа қол қойды

"Самұрық-Қазына" компаниялар тобы Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесін өткізіп, бірқатар ірі жоба бойынша бірнеше құжатқа қол қойды.

Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы аясында өткен келелі жиында жалпы құны 4 млрд долларға жуықтайтын 40-тан астам инвестициялық келісім жасалды. Оның ішіндегі 15-і "Самұрық-Қазына" қорына тиесілі.

Астанада Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің VII отырысы өтті. Ірі кәсіп иелерінің басын қосқан жиын Қытай халық республикасының төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға мемлекеттік сапарына орай ұйымдастырылды. Ауқымды іс-шараға Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің тең төрағалары – "Самұрық-Қазына" АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен қытайлық делегация өкілдері қатысты.

Нұрлан Жақыпов, "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ басқарма төрағасы:

- Біз 40-тан астам құжатқа қол қойдық. Жалпы инвестиция көлемі – 3,7 млрд доллар болады. Соның аясында біз энергетика, логистика, жаңартылған энергия көздері салаларында тиісті құжаттарға қол қойдық.

"Самұрық-Қазына" 15 маңызды келісімге қол қойды. Мәселен, олардың ішінде China Energy Overseas Investment Co. Ltd-мен өзара түсіністік туралы меморандум; China International Water & Electric Corp-пен ынтымақтастық жөніндегі келісім; "KEGOC" АҚ мен China Energy International Group арасындағы ынтымақтастық меморандумы; "Қазпошта" АҚ мен "YM Trans (Guangzhou) International Forwarding"-пен бірлескен кәсіпорын құру туралы келісім; "ҚазМұнайГаз" АҚ, Sinopec, СИБУР арасындағы "Силлено" жобасына қатысушылардың үшжақты хаттамасы бар.

Нұрлан Жақыпов, "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ басқарма төрағасы:

- Біріншіден, біздің отандық өндіріс сапасын көтереді. Біз де осындай жоғары технологияларына қол жеткіземіз. Біздің мамандар тиісті білім, тиісті экспертизаға жетеді.

"Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ 81 млрд доллар болатын активтерге иелік ететінін айта кеткен жөн. Бүгінде ол Қытай, БАӘ, Сауд Арабиясы, Ресей, Италия, АҚШ, Қатар және Франция секілді өзге де елдердегі серіктестермен бірлесіп, ауқымды жобаларды инвестициялайды.

Мирлан Алтынбек, Нұржан Ықыласов, 24.KZ.