Шымкенттің көлік-логистика мүмкіндіктері кеңейеді

Шымкенттегі инфрақұрылым және логистика мәселелері жедел шешуді қажет етеді, деп хабарлайды 24kz.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен халықаралық сауда орталығын құру және Батыс айналма жолын жандандыру негізгі міндет болуға тиіс. Аймаққа жұмыс сапарымен барған Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев актив жиынында осылай деді. Сонымен қатар Президент жүктеген өзге де міндеттерді іске асыру жолдарын талқылады.

Кеңейтілген жиын ашық сұхбат форматында өтті. Сенат төрағасы Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстан құру, тұрғындардың әл-ауқатын көтеру жолындағы бастамасы туралы айтып, реформаларға тоқталды. Ал күн тәртібіндегі инфрақұрылым мен логистика мәселесін шешуге республикалық бюджеттен қолдау болатынын жеткізді.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Мұндай түйткілдер көбіне қаржылық мүмкіндікке келіп тірелетіні түсінікті. Сондықтан алдағы сессияда республика бюджетін қараған кезде осы мәселелерді назарға алып, сіздердің ұсыныстарыңызды ескеруге тырысамыз.

Пәрменді әрі ықпалды Парламент құру жолында мәслихат мәртебесі аса маңызды. Бұл ретте Палата спикері өңірді дамытуда жергілікті депутаттардың ұсыныстары мен бастамасы маңызды рөл атқаруға тиіс екенін жеткізді.

Альбина Елшиева, қалалық мәслихат депутаты:

- Тексеру комиссияларының аппараттары мәслихаттың құрамында еді. Сол механизмді қайтарсақ, сонда Мемлекет басшысының айтқан тапсырмасын да орындайтын едік.

Сенат төрағасы белсенді жастарымен де кездесті. Мәулен Әшімбаев әр салада абыройлы еңбек етіп жүрген мамандарға ақыл-кеңесін айтып, өз тәжірибесімен бөлісті.

Рахат Арғынбай, мектеп директоры:

- Сенат төрағасы расымен бәсекеге қабілетті жастардың қандай болатынын қадап айтты. Одан бөлек, болашақта трендте болатын тілдер туралы сөз болды.

Сенат төрағасы жұмыс сапарында жеңіл өнеркәсіп саласындағы толық кластерлі тоқыма фабрикасына барды. Бір кездері өндірістік қуаты 40% төмендеп, кейін мемлекеттік қолдау арқылы қайта жанданған кәсіпорынның ахуалымен танысты.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы