Петропавлда көктемгі тасқыннан зардап шеккен 51 отбасыға үй берілді
Петропавлда көктемгі тасқыннан зардап шеккен отбасылар «Қазақмыс», KAZ Minerals, Алтыналмас, Қаражыра, RBK Bank компаниялар тобы атынан баспаналы болды, деп хабарлайды 24kz.
Қаладағы «Бірлік» шағын ауданында олардың қаражатына салынған 51 үйдің кілті табысталды.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Күлжауар Әмірова осыдан бес жыл бұрын ауылдан қалаға көшіп келді. Биыл ол тұратын Заречный кентін су басып, зейнеткердің үйі тұруға жарамсыз деп танылды.
Күлжауар Әмірова, қала тұрғыны:
- Су келеді дегесін жанталасып кішкентайларды жинап, біз де кеттік бір күн, бір күннен кейін су лық ете түсті. Мінекей, жиналып, мен балаларымды жинап кете бардым. Пәтер жалдап тұрдым. Сонда тұрып жатырмын әлі.
Енді ол күндер артта қалды. Зейнеткерге «Бірлік» шағынауданынан салынған жаңа үй берілді.
Гүлжауар Әмірова, қала тұрғыны:
- Үй жақсы. Ойымдағыдай. Түсіме де кірмеп еді. Президентімізге, бәріне көптен көп алғыс айтамын. Демеушілерге де көптен көп ризамын. Осылай төгіліп жатқанына, осындай жиһаз бәрін қойғанына.
«Қазақмыс» компаниялар тобы Петропавлда зардап шеккен тұрғындарға 180 үй салып жатыр. Сонымен қатар олардың қаражатына екінші нарықтан 341 пәтер сатып алынды.
Нұрахмет Нұриев, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы:
- Халқымыздың тарихы көрсеткендей, еліміздің қуаты – бірлікте. «Бірлікті ел бұзылмас», дейді қазақ. Көктемгі тасқын осы бір мақалдың ақиқатын аңғартты. Бұл үйлер тез салынды. Бірақ әрқайсына екі жыл кепілдік береміз. Енді шаңырақ шаттыққа толсын!
«Қазақмыс» компаниялар тобының корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігі көпке үлгі. Олар соңғы жылдары әлеуметтік осал топқа жататын жұмысшыларын да баспанамен қамтып келеді.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков