«Мерейлі отбасы» байқауының қалалық кезеңі өтті

Астанада ең үлгілі 16 отбасы анықталды, деп хабарлайды 24kz.

«Мерейлі отбасы» қалалық байқауына биыл 238 өтініш келіп түскен. Ұйымдастырушылардың айтуынша, дәстүрлі жанұялық сайысқа жыл санап қызығушылық артып келеді.

Бүгін Сатыбаевтар әулеті үшін айрықша күн. Астана қаласы Алматы ауданының ең үлгілі әулеті мәртебесіне ие болды. Отағасы Асхат Сатыбаев әскери қызметте болғандықтан, төрт ұлының тәрбиесіне ерекше мән береді.

Асхат Сатыбаев, қала тұрғыны:

- Балалардың тәрбиесі. Ең бастысы, ол адамгершілігі мол болсын деп тәрбиелеймін. Ұл бала болған соң, ұл балалардың кішкене күштері мықты болсын, намысты болсын, әр қазақтың баласы ұлтын қорғау керек қой. Сол үшін кішкене күшке және намысқа тәрбиелеймін.

«Мерейлі отбасы» республикалық байқауының қалалық кезеңі 15 мамыр мен 15 маусым аралығында ұйымдастырылды. Осы аралықта 238 отбасынан өтініш келіп түскен. Былтыр 210 астаналық отбасы бақ сынаса, алдыңғы жылы 160 әулет байқауға қатысуға ниет білдіріпті. «Демек, отбасылық құндылықты дәріптейтін байқауға деген қызығушылық жылдан жылға артып келеді», - дейді ұйымдастырушылар.

Айдана Қамзаева, Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы және үкіметтік емес сектормен жұмыс бөлімінің басшысы:

- Іріктеу екі күнге созылды құжаттың көптігіне орай. Отбасылар сондай белсенді, жетістігі көп болуына орай. Соған қарамастан, осындай жеңімпаз отбасы анықтады.

Бұған дейін қалалық сайыста 1, 2, 3-орындар тағайындалса, бұл жолы әр ауданнан бір-бір озық отбасы анықталды. Сондай-ақ қалалық деңгейдегі жеңімпаз жарияланды. Осылайша, 6 астаналық жанұя республикалық «Мерейлі отбасы» байқауына жолдама алды. Бұдан бөлек, 10 аталым бойынша үздік отбасылар маратталды.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Өрден Жарқын