Атырауда тамақ қалдығын кәдеге асыратын жоба қолға алынды
Атыраудағы газ химиясы кешені асханадан шыққан тамақ қалдықтарын кәдеге асыратын жаңа жобаны қолға алды, деп хабарлайды 24kz.
Жылына кәсіпорын жұмысшылары тұтынатын тамақтан 30 тоннадан астам қалдық шығады екен. Компания осы қалдықтарды өңдеп, сұрыптауға арнайы лицензиясы бар мекемемен келісім жасап, шаруашылықтар үшін мал азығы ретінде кәдеге жаратуда. Маусым айынан бастап зауыттан шыққан тамақ қалдығын «Атырау. Маленькая страна» қоғамдық бірлестігіне жеткізіп беруді бастады.
KPI компаниясы тамақ қалдықтарын термиялық өңдеуге лицензиясы бар мекемеге тапсырады. Сол жерде картоп, сәбіз басқа да көкөніс пен жеміс-жидек қалдықтары сұрыпталып, арнайы қалтаға салынып шаруашылықтарға жөнелтіледі.Тек өткен 6 айда зауыт асханасынан 17 тоннадан астам тамақ қалдығы өңделген.
Гүлсара Көптілеуова, «KPI Inc» ЖШС қоршаған ортаны қорғау бөлімінің жетекші инженері:
- Балаларды емдеу барысында пайдаланылатын жануарларды қоректендіру үшін «Атырау. Маленькая страна» қайырымдылық ұйымына тапсырады. Бұл тәсіл қайырымдылық ұйымының жұмысына үлес қосып қана қоймай, сондай-ақ тамақ қалдықтарының көлемін азайтып, нәтижесінде қоршаған ортаға бөлінетін ластаушы заттардың көрсеткішін төмендетуге әсерін тигізеді.
Кәспорын қамқорлығына алған «Атырау. Маленькая страна» қоғамдық бірлестігі ми және жұлынға зақым келген науқастарға қолдау көрсетеді. Аумағы 5 гектар болатын әлеуметтік қалашықта иппотерапия әдісімен түрлі диагнозы бар балалар атқа мініп серуендейді. Мұнда 4 емдеуші ат және сауын биелер бар. Енді олардың азығын компания жеткізіп беретін болды.
Ерлан Күмісқалиев, «Атырау. Маленькая страна» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
- Олар барлығын дайындап, сорттап, жинап қояды. Себебі, біздің аттарымыз әлеуметтік қалашық болғасын, бәріңізге мәлім болар, біз иппотерапия емін жүргіземіз. Осы аттардың арқасында ауыр жағдайдағы балалардың денсаулығын дұрыстаймыз. Бұл сәтті пайдаланып, KPI компаниясына үлкен алғысымызды айтқымыз келеді.
Тұрмыстық қатты қалдықтардың ішінде пластик, темір және ағаш бұйымдары болмаса, ас қалдығын өңдеу жолға қойылмаған. Осындай ірі кәспорындардың асханасынан шыққан жүздеген тонна ас қалдығы текке рәсуа болып жатыр. Ендеше, KPI компаниясы қолға алған жоба басқаларға да үлгі болары анық.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин