Елорда күніне орай БАҚ өкілдері марапатталды

Елорда күніне орайластырылған бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің арасындағы байқау мәресіне жетті, деп хабарлайды 24kz.

Онда бірқатар журналист қала әкімінің марапатына ие болды. Үздіктерге 1 миллион теңге қаржылай сыйлық табысталды.

Альмира Оразбай, тілші:

- Осыдан 26 жыл бұрын Қазақстан елордасының тұсауы кесілді. Содан бері ол дамып, сәулеті асқан сұлу қалаға айналды. Осы уақыт бедеріндегі жетістіктерді тілге тиек етіп, шаһардың өркендеуі жайын өзінің туындысына қосу – байқау қатысушыларына қойылған басты талап болды.

Абзал Досыман, қалалық коммуникациялар қызметінің басшысы:

- Байқауға жалпы келіп түскен жұмыстар саны  – 80 жұмыс. Комиссия мүшелері осыдан 4-5 күн бұрын жұмыстың бәрін қарап, жеңімпаздарды анықтады. Биылғы байқаудың ерекшелігі – Астана қаласы мәслихатының 30 жылдығы. Сондықтан жыл сайынғы дәстүрлі 7 номинацияға осы жылы 8-ші номинация қосылды.

Байқауға қатысуға ниет білдіргендердің арасынан 24 журналист алға шықты. 3-орынға тұрақтағандар 300 мың алып, 2-орын иелеріне 500 мың теңге табысталды. Ал 1-орынды қанжығасына байлаған үздіктерге 1 миллион теңге қаржылай сыйлық берілді.

Риат Шони, тілші:

- Менің түсірген видеоролигімді қазылар алқасы үздік деп таныған екен. Оған өте қуаныштымын. Оны бірнеше күн түсіргенмін, көрікті жерлерін қамтуға тырыстым. Шамамен 1 апта түсірдім, 1 апта монтаждадым. Осылай 2 апта уақытымды сарп еттім. Қатты асығып түсірген жоқпын, өйткені уақыт жеткілікті болды.

Осылайша, бүгін арқа төрінде журналист-сарапшы, шолушы, мобилографтар радиорепортаж, телесюжет және фоторепортаж жасап, үздіктер марапатталды. Жалпы жүлде қоры 17 миллион теңгеден асады. Айта кету керек, шараны Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен қалалық Коммуникациялар қызметі ұйымдастырды.

Альмира Оразбай Арман Ақшабаев