Қостанай облысында судан зардап шеккендерге баспана құрылысы аяқталуға таяды

Қостанай облысында мемлекет басшысының тапсырмасымен тасқыннан зардап шеккендерге арнап 153 үй салынып жатыр.

Соның басым бөлігі аяқталуға таяу. Жоспар бойынша бұл үйлердің алғашқы легі шілде айында тапсырылуы тиіс. Депутаттар, қоғам белсенділері облыс орталығында және Алтынсарин ауылында салынып жатқанды үйлерді аралап, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.

Қостанайдағы Қонай шағын ауданында қаз-қатар тізілген мынау 14 үй тасқыннан зардап шеккендерге арналған. Тас жолы төселіп, инженерлік-коммуникациялық жүйесі өткізілген. Қостанай ауданының Алтынсарин ауылында да құрылыс қызу жүріп жатыр. Бір ай бұрыңғы тақыр алаңда бүгінде бүтін бір ауыл пайда болған. 

Жанұзақ Аязбеков, қазақ журналистикасының қайраткері:

- Қоныстанатын адамдар бақытты ғой деп ойлаймын. Өйткені дәл мұндайды, мұндай көмек болмаған уақытта олар қай уақытта салар еді және қай уақытта оған кірер еді. Бұл өзі қоныс болғанда да өте бір жайлы қоныс па деп өзім таңғалып отырмын. Жол, газ, электр энергиясы тағы да басқа адамға қажетті дүниенің бәрі ескеріліп салынған екен.

«Таза бұлақ» деген атау берілген жаңа шағын ауданда 21 үй салынып жатыр. Бүгінде соның тоғызы дайын. Оның бірі Нұғымановтар отбасына бұйырыпты. Үш баланың анасы Әлия су басқан бұрыңғы баспанасының әбден  тозығы жеткен еді-дейді. Енді міне жарық, кең, жаңа үйге ие болғанына сене алар емес. 

Әлия Нұғыманова, Алтынсарин ауылының тұрғыны:

- Бұрыңғы үйім судың астында қалды. Кішкене ескілеу болып еді ол үйім. Енді өте қуаныштымыз. Біздің Президентқа Қасым-Жомарт Тоқаевқа қолын созып, бүкіл Қазақстан елі бәрі көмегін беріп жатыр. 

Аудан әкімінің есебі бойынша Алтынсарин ауылында құрылыс жұмыстары үш-төрт күннің ішінде бітеді. Шілденің ортасына таман баспана кілтін иелеріне салтанатты жағдай табыс етеміз деді. Ал өңірдің су басқан басқа ауыл-аймақтарында бұл мәселе қалай шешімін тауып жатыр? 

Құмар Ақсақалов, Қостанай облысының әкімі:

- Осы июль айына қарай толығымен бітуге тиісті. Көлқамыс ауылында да құрылысы толығымен жүріп жатыр. Оның құрылысы августың 15-іне дейін жетіп қалады. Және де Арқалық қаласында 50 пәтерлі көп қабатты үйдің құрылысы бірінші октябрге дейін толығымен бітуге тиісті. 

Сонымен облыс бойынша 153 үйдің құрылысы жоспарланған мерзімінде аяқталатынына сенім зор. Оған бүгін қоғам белсенділері, зиялы қауым өкілдері көз жеткізіп қайтты.

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг