Абай облысындағы елді мекенде шағын футбол алаңы ашылды

Абай облысында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында тағы бір нысан халық игілігіне берілді, деп хабарлайды 24kz.

Бесқарағай ауданына қарасты Малая Владимировка елді мекенінде Астана күніне орай шағын футбол алаңы ашылды. Енді ауыл балалары жасанды көгалда доп теуіп, бос уақытын тиімді өткізе алады. Жалпы биыл аудан бойынша бес ауылдық округте осындай спорт алаңдары салынды.

12 жастағы Әлихан Ардақұлының арманы – кәсіби футболшы атану. Жазғы демалыста күні бойы қатарластарымен доп қуады. Ал кешкісін Еуропа чемпионатының матчтарын үзбей көреді. Жаңа алаңның ашылуын ұзақ күткендердің бірі – осы Әлихан. 

Әлихан Ардақұлы, оқушы:

- Футбол алаңы ауылда бұрын-соңды болған емес. Мына жерде дүкен бар. Соның ар жағында өзіміз қолдан қақпа орнатып, доп тебетінбіз. Енді осындай заманауи үлгідегі алаңда күнде ойнаймыз.

Футбол алаңының құрылысына облыстық бюджеттен 24 млн-нан астам теңге жұмсалды. Оны салу кезінде тұрғындардың барлық талап-тілегі ескерілді. Жерді белгілеп, құрылыс барысын қадағалағанда солар.

Радик Сауфитдинов, мердігер:

- Құрылыс жұмыстарын 25 күн ішінде аяқтадық. Барлық талаптарға жауап береді. Оның артықшылығы мектептің жанында орналасқаны. Дене шынықтыру пәні кезінде балалар осы алаңда спортпен шұғылдана алады.

Спорт нысаны тәулік бойы ашық тұрады. Жарық шамдары орнатылғандықтан, түнгі уақытта да түрлі спорт түрімен шұғылдануға мүмкіндік бар.

Талғат Мұратов, Бесқарағай ауданының әкімі:

- Жалпы осы аудан бойынша бірнеше осындай нысандар ашылып жатыр. Атап өтсем, осындай алаңдардың бесеуі бар. Шомылу бассейні ашылып жатыр. Бассейн Бесқарағай ауылында құрылыс жұмыстары биыл басталды. Жалпы екі жылға арналған. Одан кейін Бозтал ауылында осындай футбол алаңы ашылатын болады.

Жалпы қазір Бесқарағай ауданында 35 спорт нысаны бар. Биыл тағы күрес залын ашу жоспарланған.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Медет Өмірханов