Оралда Елорда күніне орай велошеру өтті

Бұқаралық шараға 300-ден астам тұрғын қатысты, деп хабарлайды 24kz.

Олар 13 шақырым қашықтықты велосипедпен жүріп өтті. Сонымен қатар қатысушылар арасында лотерея ойнатылып, бағалы сыйлықтар үлестірілді.

Велошеруге кез келгеннің қатысуына жағдай жасалды. Сол себепті олардың қатарында мемлекеттік қызметшілер, студенттер, кәсіби спортшылар, ардагерлер мен оқушылар болды. Мақсат – Астана күніне ерекше тарту жасай отырып, салауатты өмір салтын дәріптеу.

Ирина Хромцова, қала тұрғыны:

- Спорт менің өмір салтыма айналды. Дене шынықтыруға 10 жасымнан бастап ден қойдым. Қазір жасым 62-де. Үнемі кросс жүгіремін. Енді бүгін велошеруге келіп отырмын.

Дәмір Төрегелдиев, қала тұрғыны:

- Мұндай шаралар бірінші кезекте денсаулық үшін маңызды. Біз өскелең ұрпақ арасында салауатты өмір салтын насихаттауымыз керек. Қалада өтетін әр спорттық шаралардан тыс қалмауға тырысамын. Балаларым да бәріне қатысып жүреді.

Бұл жарыста жылдамдық маңызды емес. Бастысы  – белгіленген 13 шақырым қашықтықты бағындыру. Қатысушылар Абай атындағы алаңнан Саратов трассасына дейінгі аралықты жүріп өтті.

Бақытжан Нарымбетов, БҚО әкімінің орынбасары:

- Оралдықтар мерекелік күнді салауатты өмір салтын насихаттаумен бастап жатыр. Бәріміз велосипедтерге отырып, қазірдің өзінде 300-ге жуық адам жиналып тұр. Кішкентай баладан қартайған ағаларымызға дейін бәрі осы акцияны қолдауда.

Бұқаралық велошеру мәреге жеткенде ұтыс ойыны өтті. Бағы жанғандар жаңа велосипед пен қаладағы спорт залдардың біріндегі абонементтерге ие болды. Шараның басы-қасында жүргендер мұны дәстүрге айналдырып, оның ауқымын жыл өткен сайын кеңейтуді жоспарлап отыр.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Әлбина Құмарғалиева