Атырауда мұнай-газ саласында машина жасауды дамытуға арналған форум өтті

Жыл сайынғы дәстүрлі жиынға елдегі ірі мұнай-газ операторлары, шетелдік және отандық тауар өндірушілер қатысты.

IMB орталығы мұрындық болған іс-шара ашық есік күні ретінде ұйымдастырылған көрмемен ерекшеленді.

Еліміздегі ірі мұнай-газ компанияларына жеткізілетін тауарлардың отандық үлесін арттыру мақсатында бірнеше жоба қолға алынды. Бүгінгі басқосу да соның дәлелі. IMB орталығы ұйымдастырған жиынға 200-ге жуық мекеме қатысып, мұнай-газ саласындағы машина жасауды дамыту, қазақстандық үлесті арттыру мен отандық тауар өндірушілерді ірі мұнай-газ жобаларына тарту мәселелері талқыланды. 

Әсет Мағауов, IMB орталығының бас директоры:

- Үкіметтің тапсырысы бойынша, Энергетика министрінің қолдауымен бүгін форум өткізіп жатырмыз. Форум аясында көптеген оператордың сатып алатын тауарларын көрсетеміз. Көптеген дөңгелек үстел өтіп, пікірталаспен, ақылдасып, болашақ қазақстандық тауарларды осы үш операторға беру үшін жұмыс жақсы басталып кетеді деп ойлаймыз. 

Халықаралық мұнай-газ саласында машина жасауды дамыту орталығы мүшесінің бірі – Теңізшевройл компаниясы. Кәсіпорын 2023 жылы қазақстандық қамту деңгейін 70 процентке жеткізген. Бұл соңғы 8 жылдағы жоғары көрсеткіш. 

Кевин Лайон, "Теңізшевройл" ЖШС бас директоры:

- ТШО компаниясы қазақстандық өндірушілерді қолдай отырып, олардың дамуына да жәрдемдесіп келеді. Біліктілігін арттырып, кемшіліктерін анықтауға байланысты IMB орталығының жұмысын қолдаймыз. ТШО компаниясы жергілікті тауарлар мен қызметтердің ірі тұтынушысы боп қала береміз.

Биылғы форумның ерекшелігі – ашық есік күні ретінде ұйымдастырылған көрме. Мұнда ірі мұнай-газ компаниялары тұтынатын 1200-ге жуық тауар түрі көрмеге қойылды. Ашық есік күні 3 күн бойы өтеді. 

Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов