Елордада «Aqmola Invest» орталығы ашылды
Бұл бастама Ақмола облысының экономикалық әлеуетін одан әрі арттыруда маңызды қадам болды, дейді мамандар.
Өйткені бизнес жобаларды жүзеге асыру үшін мұнда инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетіледі.
Президент тапсырмасына сәйкес, 2029 жылға дейін ұлттық экономика көлемін 2 есе ұлғайту қажет. «Aqmola Invest» орталығының қызметі дәл осы мақсатпен үндеседі. Мұнда инвесторларға "бір терезе" қағидаты бойынша қызмет көрсетіліп жатыр. Мамандар әр инвесторға бағыт-бағдар нұсқап, кеңес береді.
Марат Ахметжанов, Ақмола облысының әкімі:
- Тұрақты жұмыс орнын жасау, біріншіден. Екіншіден, қосымша құн бәрі бізде қалады. Салық төленеді. Сондықтан ол халықтың тікелей әлеуметтік жағдайын жоғарылатуға, тұрақтандыруға оң септігін тигізеді деп ойлаймын. Ақмола облысының керекті құжат базалары осы жерге қосылған. Осы жерден толық мәлімет алып, әрі қарай қолдауын табады.
Дәл осы күні екі бірдей шетелдік компаниямен келісімшартқа қол қойылды. Соның бірі - венгриялық инвестор Аршалы ауданында ауыл шаруашылығы технологиялық паркін құруға ниет білдіріп отыр. Ал қытайлық кәсіпкер тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу зауытын ашпақ.
Сун Шиян Шия, инвестор:
- Біз осы инвестиция тарту орталығына келіп, жергілікті мамандармен кездестік. Олардан тиісті мәліметтер мен кеңес алдық. Енді іске кірісеміз. Жобаны бір жыл ішінде жүзеге асырғымыз келеді. 300 адамды тұрақты жұмыспен қамтимыз.
Сонымен қатар KAZENERGY қауымдастығы мен облыс әкімдігі арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Айта кетейік, былтыр Ақмола аймағына 218 млрд теңге инвестиция тартылып, 2 мыңға жуық жұмыс орны ашылған.
Еркебұлан Смадияров, Арман Ақшабаев