Жол апатының алдын алу жұмыстары жүріп жатыр

Жамбыл облысында жыл басынан бері 768 жол көлік оқиғасы болған.

Соның салдарынан 87 адам қаза болып, 1184 жолаушы түрлі жарақат алған. Автокөлік апатының көбі республикалық маңызы бар тас жолда болады екен. Сондықтан осыған байланысты қазір облыстық прокуратураның бастамасымен өңірде профилактикалық іс-шара өтіп жатыр.

Автокөлік апатының басымы көбі дәл осы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жас тас жолында болады екен. Мәселен жарты жыл ішінде болған 126 жол көлік оқиғасынан 38 адам қаза болса, 270 жолаушы әртүрлі жарақат алған. Көлік апаттарының басты себебі жылдамдықты шектен тыс асыру, - дейді мамандар.

Руслан Оразбақов, облыстық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары:

- Жамбыл облысы аумағында жол көлік оқиғасының 67,5 пайызы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тас жолында орын алып жатыр. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тас жолының 450 шақырымы Жамбыл облысына тиесілі. Сол себепті жол көлік оқиғасын алдын алу үшін патрульдік полиция батальоны жеке құраммен, екі ауысымда 12 автоэкипаж ілесіп алып жүру іс-шарасын жүргізіп жатыр.

Полиция департаментінің мәліметінше, жол көлік оқиғалары негізінен таңғы сағат 4 пен 6-ның аралығында болады. Сол уақытта жүргізуші көлікті ұйқылы-ояу халде басқарады екен. Сол себепті облыстық прокуратура бастама көтеріп, полиция таңсәріде жолға шыққан жүргізушілерге ерекше сақ болуды ескертіп жатыр. Әсіресе жолаушы тасымалдайтын шағын автобустар, микроавтобустар басты назарда.

Ерболат Балабек, жүргізуші:

- Такси жүргізушісіміз. Әрдайым жолда жүреміз. Шаршаймыз, соған байланысты профилактика жұмыстарын жүргізеді өздері. Тоқтап, ескертеді. Ұйқың келсе демалып алыңдар деп айтады. Ол дұрыс. Жолда неше түрлі, жол қауіпсіздігі үшін істеліп жатқан нәрсе. Әрдайым ескертіп отырғаны да дұрыс.

Полицейлер қажет болса, су мен ыстық шай беруге дайын. Тіпті жүргізушінің ұйқысын ашу үшін салқын сумен беті-қолын шайып алуға кеңес береді. "Есесіне автокөлік апаты азаяды", - дейді олар. Іс-шара алдағы уақытта да жалғаса бермек.

Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, 24.KZ, Жамбыл облысы