«Таза Қазақстан»: оралдық жастар жағалауды қоқыстан тазартты
Қала тазалығы өз қолымызда. Бүгін оралдық жастар осындай ұранмен «Таза Қазақстан» экоакциясына шықты.
Олар қалалық саябақ пен тасқыннан кейін ластанған орман-тоғайдан 3 жүк көлігіне толы қоқыс жинады.
Әзілхан Жарасов өзі сияқты жастарға ілесіп, тасқыннан кейін ластанған өзен жағасы мен орман-тоғайды қоқыстан арылтып жатыр. «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Мөлдір бұлақ» кезеңіне 50 адам қатысты. Олар 5 топқа бөлініп сайысты.
Әзілхан Жарасов, волонтёр:
- Қазіргі таңда экологиялық мәдениет – өте маңызды нәрсе. Себебі біз өзіміздің туған өлкеміз туралы ойлауымыз керек және осындай сенбіліктерге шығып тұру керек. Сосын қазір жастар арасында вандализм деген көп. Сондықтан ол болмас үшін жастарды осындай жерлерге тарту керек.
Жалпы Батыс Қазақстан облысында «Таза Қазақстан» акциясы қарапайым сенбіліктен бөлек мазмұнды шараға айналып барады. Ардагерлер мен қаланың құрметті азаматтары жастарға акция өтетін жердің тарихы туралы қызықты мәліметтер айтады. Волонтерлер Құрманғазы мен Дина Нұрпейісованың ескерткіші орнатылған қалалық саябақта қуараған ағаштарды кесіп, арамшөрпті отады.
Бейбарыс Насибуллин, оқушы:
- Мына жаққа өз үлесімді қосуға келдім. Жастарға үлгі болғым келеді. Жастарға айтарым, осы Оралды таза ұстайық. Өйткені Қазақстан бойынша тазалықтан 12 қаланың ішінен Орал бірінші орында тұр.
Дулат Жүсіпқалиев, «Орал жастары» волонтёрлік қозғалысының жетекшісі:
- Кеше «Киелі мекен», «Туған өлке» және «Жасыл аймақ» кезеңдері өтсе, бүгін «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» акцияларының кезеңдері өтіп жатыр қаламызда. Осы сенбіліктерге жастарды қызықтыру мақсатында бірнеше экологиялық эстафеталар ұйымдастырылып және оларға естелік сыйлықтар табысталып жатыр.
Батыс Қазақстан облысында шілде айының соңында «Таза жағалау» акциясы ұйымдастырылып, өзен жағалаулары мен су қоймалары қоқыстан тазартылады. Жалпы өңірде осы күнге дейін 230-дан астам саябақ пен гүлзардың аумағы абаттандырылып, 50 мыңға жуық көшет егілді.
Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ербол Меңдіғалиев.