Шымкентте дәрілік препараттар цифрлық таңбалаудан өтті
Шымкенттегі дәріханаларға цифрлық таңбалаудан өткен дәрілік препараттардың алғашқы партиясы жеткізілді.
Ол үшін аймақтағы қос компания толық жабдықталып, емдеу мекемелері қажетті ақпараттық жүйелермен интеграцияланды. Сала мамандарының айтуынша, міндетті таңбалаудың арқасында тікелей өндірушіден тұтынушыға дейін тексерілген өнімнің жетуі бақылауда болады.
Аймақта 26 мемлекеттік және 40 жекеменшік медициналық ұйым бар. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, олардың барлығы 2D сканері мен деректерді жинақтау терминалымен қамтамасыз етілген. Дәрілік заттар айналымының ашықтығы міндетті таңбалауды жүзеге асыруға көмектеседі.
Сәуле Дүйсенбаева, қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Сонымен қатар осы 66 медициналық ұйымда 100% есептік жүйелермен интеграция жасалынды. Қазақтелеком және СК Фармация жүйелерімен интеграцияланды.
Осы ретте фармацевтикалық зауыттарда цифрлық таңбалау жобасы іске асырылды. Нәтижесінде дәріханаларға жаңа штрих-коды бар өнімдер жеткізіле бастады. Қажетті ақпаратпен қамтылған дәрі-дәрмек сауда айналымын реттеп, сапалы тауардың үлесін арттырады.
Олеся Киселева, компания өкілі:
- Біз бірінші кезекте өндістік желіні толық жабдықтап алдық. Жыл соңына дейін ампула мен ұнтақтарға, таблеткалардың 11 млн қаптасын таңбалауды жоспарлап отырмыз. Келесі жылы 25 млн қаптамаға жеткіземіз.
Мамандар жаңа өзгеріс дәрілік заттардың көлеңкелі кәсібіне тосқауыл болатынын айтады. Себебі таңбалау кодын қолдан басып шығару мүмкін емес.
Ләззат Қашқымбаева, ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департамент басшысы:
- Қазақстанның заңнамасына сәйкес келетін дәрілік заттарды қараймыз. 7 мың дәрілік заттар тіркелген болса, оның бәрін біз білеміз. Регистрациясы бар және сапасы, сертификаты бар.
Аймақта дәрілік заттардың көтерме саудасы үшін 38 арнайы қойма ашылған. Тұрғындар үшін 600-ге жуық дәріхана жұмыс істеп тұр. Сондықтан сала мамандары бәсекелестіктің арқасында баға да тұрақты болады деп сенеді.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов.