Wabtec Қазақстанда технологиялық және инженерлік орталық ашты
Қазақстанда жасыл және цифрлық технологиялар қолданылатын локомотивтердің жаңа буыны пайда болуы мүмкін.
Бүгін америкалық Wabtec компаниясына тиесілі Локомотив құрастыру зауытында жаңа технологиялық және инженерлік орталық ашылды. Онда 50 инженер-құрастырушы жаңа тепловоздардың жобасын жасаумен айналысады.
Марат Тілеубаев, локомотив құрастыру зауытының президенті:
- Қазақстан темір жолы жаңа экологиялық таза өнімдерге тапсырыс бергісі келеді. Жақын арада дизайн мен сызбаларын жібереді деп күтеміз. Енді бұл жұмыстар 2-3 есе жылдам орындалады. Өйткені бұған дейін жоба жасаушылар мен дизайнерлерге жіберіп, келісімін алатынбыз. Осыдан кейін орташа және шағын өзгерістерді орталықта енгізе береміз.
Зауыт айына кем дегенде 10 локомотив шығарады. Қазақстанда жасалған бұл тепловоздар республикамызда ғана емес, алыс-жақын шетелдерде де жоғары сұранысқа ие.
Гохан Байхан, Wabtec компаниясының аға аймақтық вице-президенті:
- Біз осыған дейін дизель қозғалтқыштары өндірісіне мән беріп келдік. Өйткені аймақта сұраныс жоғары. Енді тұрақты және жасыл технологияларға бет бұрмақпыз. Зауытта сұйытылған газ бен сутегі моторларын құрастыру жоспары бар. Осылайша, Қазақстанды жаңа технологиялық локомотив экпорттаушы елге айналдырғымыз келеді. Бұл межеге 2037 жылға дейін жетуді жоспарлап отырмыз. Бұған жаңа технологиялық орталық ықпал етеді.
Сондай-ақ Wabtec теміржол көліктерін қалпына келтіру және жөндеу орталығына да қомақты қаржы құйды. Мысалы, «Астана Дизель Сервис» зауыты – АҚШ сыртындағы Эволюшен қозғалтқыштарын күрделі жөндеуден өткізе алатын жалғыз кәсіпорын. Бүгін мұнда жаңа құрылғы іске қосылды. Қондырғы жөндеуден өткен қозғалтқыштарды соңғы сынақтан өткізеді.
Авторлары: Серік Селеубайұлы, Наурызбай Құрманғазы.