Өзбекстан оқушылары мен оқытушылары NU-ға келді
Өзбекстан оқушылары елордаға келді.
Мұнда олар Times Higher Education әлем университеттері рейтингісінде үздіктердің қатарында тұрған NU кампусымен танысты. Қонақтар жоғары оқу орынның өкілдерімен әңгімелесіп, қабылдау ережелері мен негізгі талаптары туралы білді. Сондай-ақ обсерваторияда жұлдызды аспан мен айды тамашалады.
Самарқан мен Бұхараның Президенттік және жекеменшік мектептерінің оқушылары мен мұғалімдері екі күнде NU зертханаларымен танысты. Көрші елдің 10-сынып оқушысы Амирабону Орипова елордадағы университетке тәнті болды. Болашақта дипломат болғысы келетін ол мұндағы саясаттану және халықаралық қатынастар мамандығына қызығушылық білдіріп отыр.
Амирабону Орипова, 10-сынып оқушысы:
- Мен мектепті тәмамдағаннан кейін Өзбекстандағы бір университетке құжат тапсыруды жоспарлап отырғанмын. Қазақстанға келгеннен кейін NU-дың керемет таңдау болатынын түсіндім. Мұнда бірінші курста оқу бағытын таңдауға уақыт беріледі екен. Сол маған қатты ұнады.
Оқушылар мен ұстаздар экскурсия кезінде зертханаларды аралап, түрлі тәжірибелерді көрді. Мектептердің профессорларымен және студенттік клубтардың өкілдерімен кездесті. Сондай-ақ делегация шеберлік сыныптар мен түрлі спорттық шараларға қатысты.
Өзбекстанда соңғы 7 жылда жастарды жоғары біліммен қамту 9%-тен 42%-ке дейін өсті. Елде көптеп жаңа жоғары оқу орындары ашылып жатыр. Солардың бірі «Жаңа Өзбекстан» университеті өткен жылы NU-мен ынтымақтастық жөнінде меморандум жасасқан.
Фирдавс Наврузов, Өзбекстандағы «The Knowledge Academy» мектебінің директоры:
- Университеттің әлеуеті мен оқу бағдарламасы мені қатты таңғалдырды. Бәрі жоғары деңгейде. Өзім Америкада оқыдым. Менің ойымша, америкалық университеттердің 80%-і NU-мен салыстыруға келмейді.
Университеттегі ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтының жас ғалымдары да өзбекстандық қонақтарға роботтарды, сондай-ақ тілдік технологияларды көрсетті. 2 күндік сапар аясында бірқатар оқушы елдегі білім жайлы кеңес алып, келесі жылы білім алу үшін Қазақстанға келуге ниет білдірді.
Авторы: Әлішер Әли.