ҚМГ қызметкерлері «Таза Қазақстан» акциясына қатысты
«ҚазМұнайГаз» еншілес компанияларының қызметкерлері «Таза Қазақстан» республикалық акциясына кезекті рет қатысты, деп хабарлайды 24kz.
Бұл жолы Атыраудағы Жайық жағалауын тазалады. Қазір аймақта төтенше жағдай салдарын жою жұмыстары жалғасып жатыр.
Жұмыла көтерген жүк жеңіл. «ҚазМұнайГаз» АҚ еншілес компанияларының қызметкерлері мұны жақсы түсінеді. Сол себепті экологиялық акцияларға белсенді түрде қатысып келеді. Әсіресе, су тасқының салдарын жоюға барлығы мүдделі.
Абзал Теміров, «Атырау мұнай өңдеу зауыты» қоршаған ортаны қорғау бөлімінің жетекші инженері:
- Бүгінгі күні АМӨЗ тарапынан 70-тен жұмысшы мен арнайы спецтехникалар жұмылдырылған. Көптеген тұрмыстық қалдықтар, сонымен қатар ескі істен шыққан қапшықтар жиналуда. Қазіргі уақытта осы қапшықтар бір жерге жиналып, Атырау қаласының полигонына шығарылатын болады.
Белгіленген аумақ айтарлықтай көп. «Ембімұнайгаз» АҚ-ның 40-тан астам қызметкері де облыстық балалар ауруханасының ауданын және Жайық өзенінің жағалауын тазартты. Оның жалпы аумағы жарты гектардан асады.
Жомарт Жоламанов, «Ембімұнайгаз» АҚ департаментінің жетекші маманы:
- Бүгінгі міне, «Таза Қазақстан» республикалық акциясына өз үлесімізді қосуға келдік. Атырау қаласының жүрегі болып табылатын Жайық жағалауын тазартудамыз.
«Таза Қазақстан» акциясынан «Қазақ газ өңдеу зауытының» 70-тен астам жұмысшысы да шет қалмады. Бәрі жұмылып 30 текше метрдей қоқыс жинаған. Жалпы мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан республикалық акция аясында Қазмұнайгаз компаниясы қызметкерлерінің қатысуымен 160-қа жуық экологиялық іс-шара ұйымдастырылды.
Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Аружан Шуақбай