Ақтауда ауызсу мәселесі күзге дейін шешіледі

Ақтауда халықты ауызсумен қамтуға арналған екі ауқымды жоба жақында аяқталады, деп хабарлайды 24kz.

Қазір Маңғыстау энергокомбинатында су тұшытатын жаңа қондырғыны іске қосу жұмыстары жүріп жатыр. Мамандар «осы айда толық пайдалануға береміз», дейді. Ал «Каспий» зауыты тамыздың соңына дейін су тұшыту мүмкіндігін тәулігіне 40 мың текше метрге жеткізбек. Президент тапсырмасы бойынша жүзеге асып жатқан бұл жоба 95%-ке аяқталған. Мамандардың айтуынша, екі нысан іске қосылғанда Ақтауда ауызсу тапшылығы мәселесі айтарлықтай шешіледі.

«Каспий» зауыты теңіздың тұзды суын кері осмос технологиясы арқылы тұшытады. Қазір кәсіпорын тәулігіне 20 мың текше метр су өндіріп, 180 мың адамды ауызсумен қамтамасыз етіп отыр. Жаңғыру жұмыстары аясында мұнда тағы 5 қондырғы орнатылды. Олар іске қосылғанда зауыттың тәуліктік қуаты екі есе артып, 40 мың текше метрге жетеді.

Нұрлыбай Аққұлов, Каспий су тұщыту зауытының директоры:

- Қазіргі таңда монтаж жұмыстары аяқталуға жақын. Қосымша оны іске қосу накладка жасайтын жұмыстар қазір басталып кетті. Шілде айының аяғына дейін тиісті жұмыстарды бітіріп, бірінші деңгейдегі бір қондырғыны тесттік режимде қосуға жұмыстанып жатырмыз. Сонымен қатар тамыз айында қалған қондырғыларды іске қосамыз деп жоспарлап отырмыз.

Өңірде ауызсу тапшылығы мәселесін шешу үшін Маңғыстау энергокомбинатында да жұмыс қызып жатыр. Мұнда нөмірі екінші су жеткізу торабына орнатылған жаңа тұшыту қондырғысын іске қосу жұмыстары жүріп жатыр.

Денис Саморуков, Дистиллят өндіру және өнеркәсіптік жылу, сумен жабдықтау зауытының директоры:

- Бізде мембарналық сүзгінің өзі екі кезеңнен тұрады. Екінші кезеңі суды бордан тазарту үшін керек. Екі сатылы сүзгіден өткеннен кейін резервуарға жинаймыз. Мұның өзі әлі ішуге жарамсыз. Яғни, пермеат деп аталады. Мұны МАЭК-те су тұшыту станциясына жеткізіп, таза ауызсу шығарамыз.

Маңғыстау энергокомбинаты тәулігіне 52 мың текше метр ауызсу өндіреді. Жаңа қондырғы іске қосылғаннан кейін оның өнімділігі 6 мың текшеге артады. Айта кетейік, осы екі ауқымды жобаны іске қосылғанда Ақтаудағы су тапшылығы мәселесі толық шешілмек.

Авторлары: Тамара Степанова, Ренат Дусалиев