Жаңаөзенде гибридті электр станциясының құрылысы басталды
Қуаты 247 мегаваттқа тең станция күн, жел және газ энергиясымен жұмыс істейді.
Бұл Қазақстан мен Италияның бірлескен жаңа жобасы. Орталық өңірдегі мұнай өндіруші және газ өңдеуші зауыттарды электр қуатымен тоқтаусыз қамтамасыз етуі тиіс. Құрылысты бастауға пәрмен беру рәсіміне «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Асхат Хасенов пен Қазақстандағы Eni компаниясының басшысы Сегер Хойтинк қатысты.
Бұл елімізде өндірістік деңгейде баламасы жоқ алғашқы гибридті жоба. Станция жел мен күн, яғни жаңартылатын энергия көздері арқылы жұмыс істейді. Іркілістер туындамас үшін газды электр станциясының мүмкіндіктері де пайдаланылады, дейді «Қазмұнайгаз» компаниясының басқарма төрағасы.
Асхат Хасенов, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы:
- Жалпы жобының қуаттылығы 247 МВт. Күнге 50, желге 77 МВт, ал 120 МВт газ. Бұлар газды үнемдеуге мүмкіншілік береді. Егер біз тек қана газды пайдаланатын болсақ, 235 миллион текше метр газ пайдаланатын едік. Ал күн мен желдің арқасында 40 пайыз баламалы энергия көзі баламалы энергетикадан өндірілетін болады.
Қазіргі құрылыс барысына 800 адам жұмылдырылған. Ал іске қосылса, 70 маман жұмыспен қамтылады. Жобаның арқасында «Қазмұнайгаздың» еншілес компанияларында және өңірдің газ өңдеуші зауыттарында өндірістің апатты тоқтап қалу оқиғалары болдырылмайды. Бұдан бөлек, сыртқа шығарылатын көмірқышқыл газы мөлшерін азайтуға септігін тигізеді.
Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы:
- Ең бастысы бұл жасыл энергетика деп те айтуға болады. Себебі мемлекет басшысы өткен жылы көміртекті нейтралға байланысты стратегиялық қол қойған. Осы жоба сол мәселені шешеді. Сондықтан бұл жан-жақт ыпысықталған жобаның бірі.
Жоба Eni-дің халықаралық өндірістік тәжірибесін пайдаланып, түрлі технологиялардың инновациялық комбинациясын ұсынады. Сонымен қатар облысты энергиямен қамтамасыз етуді әртараптандыруды және көміртексіздендіруді көздейді.
Данияр Сұлтанұлы, Тамара Степанова