«Қазақстан-Қытай Құбыры» компаниясына 20 жыл толды
Биыл «Қазақстан-Қытай Құбыры» компаниясының құрылғанына 20 жыл толды, деп хабарлайды 24kz.
2004 жылы мамырда Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы мұнай-газ саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту туралы негіздемелік келісім жасасты. Ал, шілде айында «Қазақстан-Қытай Құбыры» серіктестігі құрылды. Құбыр арқылы батыстан тартылатын мұнай Қытайға жеткізіледі.
Бүгінде қарқынды дамып келе жатқан компания «Кеңқияқ – Құмкөл» және «Атасу – Алашанькоу» магистральдық мұнай құбырларына иелік етеді. «Қазақстан-Қытай Құбыры» еліміздегі мұнай-газ саласында жұмыс істейтін ірі компаниялардың бірі. Компания республикада өндірілетін мұнай өнімдерін сыртқа шығаруда да, транзиттік бағытта да үлкен жұмыстар атқаруда.
Сәбит Рзиев, «Қазақстан-Қытай құбыры» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары:
- Елді мекендегі адамдарды жұмыспен қамтамасыз етіп, осы ішкі өнім, мұнайды сыртқа, транзиттік бағытқа шығаруға да үлкен үлесін қосып келе жатқан компания. Енді қолымыздан келгенше өзіміздің күшіміз, білімімізді осы мұнай саласына толықтай үлесімізді қосуға әрдайым дайынбыз. Мерекеміз құтты болсын
Батыс Қазақстанда, оның ішінде Ақтөбе облысында өндірілетін мұнайды тасымалдау үшін Қазақстан – Қытай мұнай құбырының екінші кезегін салу қажеттілігі туындады. «Кеңқияқ – Құмкөл тармағы екі жылдан аз уақыт ішінде салынып, 2009 жылдың қыркүйегінде іске қосылды.
Тянь Айминь, «Қазақстан-Қытай құбыры» ЖШС бас директоры:
- 20 жыл бойы «Қазақстан-Қытай Құбыры» серіктестігі Қазақстан мен Қытай арасындағы мұнай-газ саласындағы ынтымақтастықтың дамуына үлесін қосып келеді. Мұнай импорты мен экспорты көлемінің артуына, құбыр бойындағы аудандардың экономикалық дамуына ынталандыруға ұмтылады. «Қазақстан-Қытай» магистральдық мұнай құбырын қазіргі заманғы «Жібек жолы» деп атауға болады.
Серіктестік 20 жылда Қазақстан бюджетіне 135 миллиард теңге салық төлеп, экономиканың дамуына елеулі үлес қосып келеді.
Авторлары: А.Садуақас. Э.Кон