БҚО-да балалар қауіпсіздігі жіті бақылауға алынды

Батыс Қазақстан облысында балалардың терезеден құлап кетуі, суға батуы, жол-көлік апатына тап болуы секілді оқыс оқиғалары жиілеп кеткен.

Осыған байланысты жедел жиын өткізген өңір басшысы Нариман Төреғалиев тиісті органдардың өз міндетіне мұқият қарап, жазатайым жағдайлардың алдын алуы керектігін қатаң ескертті.

Жаз шыққалы өңірде 6 адам суға кетсе, соның 5-і бала. Өткен аптада Ақжайық ауданы, Мерген ауылында жаға ұстатарлық жазатайым жағдай болды. 7-сыныпта оқитын 3 қыз бала суға түсуге рұқсат етілмеген жерде шомылам деп Жайыққа батып кеткен. Сәбилердің терезеден құлап кетуі де жиілеген.

Қанат Қарабалаев, БҚО ТЖД бастығының орынбасары:

- Терезеден құлау бойынша 9 жағдай тіркелді. Оның жағдайы Орал, біреуі Сырым ауданында орын алды. Бәрі де үлкендердің қарауынсыз қалған бүлдіршіндер.

Құзырлы органдар оқыс оқиғалардың алдын-алу мақсатында қол қусырып отырған жоқ. Бірақ нәтиже мардымсыз. Кейде ересектердің салғырттығы, кейде заңдағы солқылдақтықтар себеп. Мәселен кейінгі кезде скутер мен самокаттарға аяқ артқан жасөспірімдер көп. Аяғы ауыр жарақаттарға соқтыруда.

Арман Оразалиев, БҚО полиция департаментінің бастығы:

- Жол-көлік оқиғаларына тоқталатын болсақ, өткен жылмен салыстырғанда 3 жарым есеге өсіп отыр, қайтыс болғандар 4 есеге өсіп отыр, 2-ден 9-ға және жарақаттанғандар 3 есе, 36-дан 137 дейін. 

Өз кезегінде облыс әкімі Нариман Төреғалиев балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде барлық құзырлы органдардың үйлесімді іс-қимылы керектігін атап өтті.

Нариман Төреғалиев, Батыс Қазақстан облысының әкімі:

- Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі менің жеке бақылауымда болады. Құзырлы мемлекеттік мекемелер балаларды қауіптен барынша қорғауы тиіс. Ата-аналар да шетте қалмауы керек. Барлық ата-аналарды балалардың қауіпсіздігін мұқият бақылауға шақырамын. Полиция және төтенше жағдайлар департаментіне әрбір факті бойынша тергеу жүргізуді тапсырамын.

Өңір басшысы жазатайым жағдайға тап болған отбасыларға жан-жақты көмек көрсетуді тапсырды. Тұрғындар арасында түсінік жұмыстарын жандандырудың маңызына тоқталды.

Е.Жылқайдарұлы