БҚО-да диқандар «Кең дала» бағдарламасымен несие алды

Батысқазақстандық диқандардың биылғы көктемгі-далалық жұмыстарды дер кезінде атқаруына да «Кең дала 2» бағдарламасы көп көмегін тигізді.

Өңірдің ауылшаруашылық құрылымдары 2 миллиард теңгеден астам несиеге қол жеткізіп, қаржыны қажетті тұқым, тыңайтқыш, жанар-жағармай алуға жұмсаған.

Шыңғырлау ауданындағы «Жаңа жер» қожалығы биыл 2129 гектарға тұқым сепкен. Оның 900 гектары бидай, 300 гектары арпа, 500 гектары тары болса, қалғаны – майлы дақылдар. Енді бірер күнде жаздық бидайға шалғы түспек. Ал күздік бидайдың әр гектарынан 28 центнерден өнім жиналыпты. Мол өнімге қол жеткізуде мемлекеттің қолдауы ерекше.   

Рүстем Еслямов, «Жаңа жер» шаруа қожалығының агрономы:

- «Кең дала» бағдарламасы арқылы 135 миллион теңге несие алдық. Бұл несиені тыңайтқыштар алуға, техниканы жалға алуға, жанармай, гербицид,  пестицид пайдалануға жұмсалды. Өте ыңғайлы бағдарлама, кепілдік 15% өзіміз қойдық. Қалған 85% «Даму» қоры арқылы кепілдеме беріп, осындай несие рәсімдеуге мүмкіндік болды.

«Кең дала» бағдарламасының биылғы ерекшелігі кепілдік ережесінде. Яғни, алған несие үшін қажетті соманың 85%-не «Даму» қоры кепіл болады. Мұндай мүмкіндікті ұтымды пайдаланған батысқазақстандық диқандар жылдық ставкасы 5% 2 миллиардтан астам теңге несие рәсімдепті.

Нұрлан Байзақов, «Аграрлы-несие корпорациясы» АҚ БҚОФ бөлім басшысы:

- Несиені қайтару мерзімі – 12 ай. Аталған «Кең дала» бағдарламасын несие серіктестіктері, микроқаржылық ұйымдар, екінші деңгейлі банктер арқылы да, тікелей бізге келіп те алуға болады. Шаруалар бұрынғыдай кепілге қояр мүлік жөнінен қиналмайды. Жаңа айтқандай, «Даму» қоры кепіл болады. 500 миллоннан да артық соманы несиеге алуға болады.

«Кең дала 2» бағдарламасы бойынша Батыс Қазақстан облысына көктемгі-далалық жұмыстар мен егін орағына 7 миллиард теңге қаралған. Аталған бағдарлама арқылы өңдеу кәсіпорындары да несие ала алады.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов.