Шаруалар төмен пайызбен несие алып жатыр

Аграрлық несие корпорациясы шаруаларға жаңа несие түрлерін таныстырды.

«Кең дала-2» атты бағдарлама төмен пайызбен қарыз алуға мүмкіндік береді. «Қаржы көктемгі егін егу мен күзгі жиын-терім жұмыстарын жүргізуге беріледі», – дейді мамандар. Бағдарлама «Jańa Dala» халықаралық көрмесінде ұсынылды.

Ислям Маржакупов бидай және майлы дақылдар өсіреді. Шаруа бірнеше жылдан бері Ақмола облысының Ақкөл ауданында кәсібін дөңгелетіп отыр. Кәсіпкер Аграрлық несие корпорациясынан кредиттік серіктестік арқылы «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша егін егу жұмыстарына қаржы алған.

Ислям Маржакупов, «АГРОКАПИТАЛ-2018» ЖШС директоры:

- 5%-пен несие рәсімдеу өте тиімді. Бұрын 22%-пен қарыз алып, оның 15%-ін субсидиялауға өтініш беріп, күтетінбіз. Оны бергенге дейін сол проценттерді өзіміз төлейтін едік. Бұл егіс алқаптарында жүретін шаруалар үшін қолайсыз болды. Биыл «Кең дала 2» бағдарламасы аясында 5%-пен несие алдық. Оның шарттары өте ыңғайлы.

«Кең дала» бағдарламасы бойынша жыл сайын 140 млрд теңге бөлінетін. Бірақ бұл қаржы шаруаларды толық қамтуға жетпейтін. Сол үшін биыл қосымша «Кең дала 2» бағдарламасы іске қосылды. Жеңілдетілген несие бағдарламасын «Аграрлық несие корпорациясы» мен «ҚазАгроҚаржы» компаниясы ұсынды.

Нияз Көшкімбаев, «Бәйтерек» холдингі» АҚ басқарушы директоры:

- «Кең дала 2» бағдарламасы фермерлер үшін өте тиімді. Шарттары жеңіл. Кепілдік мәселесі де шешімін тапты. Бүгінгі таңда «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша мыңнан астам фермерге 126 млрд теңгеден астам қаржы берілді.

Бұл механизм ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін бірқатар маңызды мәселені шешеді. Соның бірі, қарыз сомасының 85-ін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры кепілдендіреді.

Марлен Нәбиев, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

- Бұл бағдарламаның ерекшеліктерін айта кетейін. Басқа нарықтық ақшаны біз 22%-пен беретінбіз. Оның 16%-і субсидияландырады. Фермерге 6% болатын. Қазіргі бағдарлама бойынша біз таза 5% несие береміз. Субсидияны фермер күтпейді. Тікелей бізге Үкімет түсіретін болды.

Қостанай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша несие алғандар көп. Оңтүстік өңірлерде де белсенділік байқалады. Бұдан бөлек, фермерлерге көктемгі егіс және күзгі жиын-терім жұмыстарын жүргізуге қайта өңдеу кәсіпорындары арқылы аванстық кредит беру жүйесі енгізілді.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Жандос Битабаров.