Жезқазғанда Металлургтер күніне орай мерекелік концерт өтті
Жезқазғанда Металлургтер күніне орай отандық және ресейлік цирк әртістерінің қатысуымен мерекелік концерт өтті.
Алғашқы құрылысшылар алаңына жиналған қала тұрғындары мен қонақтары мәртебелі мамандық иелеріне құрмет көрсетті
Елдос Кәкенов, тілші:
- Металлургтер күні жезқазғандықтар үшін отбасылық мереке десе болады. Себебі мұндағы әр жанұяның кем дегенде бір мүшесі осы салада еңбек етеді. Болат балқытып, құрыш құйған қайсар жандардың мерекесі ешқашан елеусіз қалмайды. Дегенмен биыл елімізде болған су тасқынына байланысты мерекелік шаралар ауқымы сәл өзгерді. Ұйымдастырушылар тарапынан отбасылық іс-шараларға басымдық берілді. Еңбегімен ерекшеленген озаттар құрметке бөленді. Солардың бірі – Әбдікәрім Оспанов.
Әбдікәрім Оспанов, металлург:
- Зауытта істегеніме 18 жыл. Мереке енді жылына бір рет болғандықтан, жақсы күтеміз ғой. Қуана күтеміз. Басшылар жұмыскерлерді еңбегіне қарай бағалап, марапат беріп жатыр. Өте қуаныштымыз.
«Қазақмыс» компаниясы мыс өндірісі бойынша әлемде үздік ондық құрамында. Жетістіктің барлығы, әрине, еңбегіне адал металлургтердің арқасы. Бүгін сол еңбеккерлердің жылдық жұмысы қорытындыланып, алда атқарылар міндеттер межеленді. Ал отандық және ресейлік цирк әртістерінің қатысуымен өтіп жатқан үлкен концерт – компания басшылығының қала тұрғындарына арнаған мерекелік сыйы.
Саят Әтенов, мыс қорыту зауытының директоры:
- Металлургтер дегеніміз оттың, жалынның жанында тұратын ең төзімді жұмыстардың бірі деп білемін. Бүгін, міне, металлургтер мерекесін бүкіл қала боп, халық боп тойлап жатырмыз. Осы жылы балаларға, қаланың тұрғындарына мерекелік іс-шара, цирк ұйымдастырып жатырмыз.
Ғалымжан Әлімжанов, қала тұрғыны:
- Металлургтер күнімен барлық әріптестерімді құттықтаймын. Мен өзім байытушы болғаныммен, бір салада еңбек етіп келе жатырмыз. Мыс байытуды әрі қарай мыс қорыту зауытына жібереміз. Болашақта өңіріміз дами берсін.
Дарья Тишенко, қала тұрғыны:
- Өте керемет мереке өтіп жатыр. Бұл күн – өндірісте тер төгіп жүрген барлық азамат, азаматшалардың басын қосатын мейрам. Әсіресе балалар ерекше қуанып жатыр. Ұйымдастырушыларға көп рақмет.
Концертте жергілікті жас өнерпаздар да әннен шашу шашты. Мерекелік шара әсем отшашумен түйінделді.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов.