Атырау облысында «Жолда қабылдау» акциясы басталды

Акция аясында полиция қызметкерлері тұрғындарға құқықтық кеңес беріп, жол жүру ережесін түсіндіреді деп хабарлайды 24kz.

Соңғы жылдары өңірде жол апаты жиілеген. Жыл басынан бері 221 жол-көлік оқиғасы тіркеліпті.

Биыл өңірде жол апатынан 246 тұрғын жарақаттанып, 19 адам қаза тапқан. Оқыс оқиғаның алдын алу мақсатындағы акция аясында тәртіп сақшылары облыс тұрғындарын жол ережесін сақтауға шақырып, оларға түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Тұрғындар өзге де сұрақтарына жауап алды.

Нұржан Әбенов, облыстық ПД Әкімшілік полиция басқармасы процессинг орталығының автоинспекторы:

- Акцияның негізгі мақсаты – халық арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу, қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша тұрғындарды ақпараттандыру және құқықтық білімдерін жетілдіру. Акция барысында біз тұрғындарға, жол қозғалысына қатысушыларға заң аясында құқықтық кеңес беріп, көкейкесті сұрақтарына жауап береміз. Сонымен қатар мопед, самокат, электрлі көлік құралдарымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз.

Жасөспірімдердің де қауіпсіздігі алаңдатады. Жыл басынан бері 19 жол апаты тіркелген. Бұған қоса, қазір облыста мопед мінген жүргізушілерден келетін қауіп көп. Тәртіп сақшылары қанша ескерткенімен ескертуді елемейді.

Азамат Ғалламов, қалалық полиция басқармасы әкімшілік тәжірибе бөлімшесінің бастығы:

- Жыл басынан бері мопед көлігімен 106 жол-көлік оқиғасы тіркелді. 53 адам жарақат алып, 5 адам қаза тапты. Сол себепті Атырау қаласының тұрғындары мен қала қонақтарынан сұрарымыз, жол ережесін қатаң сақтауға шақырамыз.

«Жолда қабылдау» акциясы ертең де жалғасады. Тұрғындар «Авангард» ықшам ауданында полиция қызметкерлерінен қажетті ақпаратын алып, құқықтық білімін жетілдіре алады. Көші-қон заңнамасы да түсіндіріледі.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов