Тұтынушылардың «QazaqGaz Aimaq» компаниясына қарызы ₸36,5 млрд-қа жетті
«QazaqGaz Aimaq» компаниясы алдағы жылу маусымына дайындықты тамызға дейін толық аяқтауды жоспарлап отыр деп хабарлайды 24kz.
Республика бойынша ерте көктемнен жөндеу жұмыстары жүргізілген газ тарату жүйесі қыс мезгіліне 57%-ке әзір. Дегенмен, қуат тарату көздерінің мүмкіндігін одан әрі арттыруға тұтынушылардың төлемақыны уақытылы өтемеуі кедергі болып отыр. Қызылорда облысы бойынша бір миллиард 300 миллион теңге қарыз қордаланған. Оның 970 миллионы тұрғындардың еншісінде.
«QazaqGaz Aimaq» мекемесінің Қызылорда өндірістік филиалы облыс аумағындағы 4 мың шақырым газ құбырының үздіксіз әрі қауіпсіз жұмыс істеуіне жауапты. Компания қызметкерлері газ тарату станциялары мен желідегі қысымды тыңғылықты тексеріп, техникалық ақауларды болдырмау шараларына баса мән береді.
Айбек Ерғали, «Qazaqgaz aimaq» АҚ Қызылорда өндірістік филиал директоры:
- Облыс бойынша 400 кіші газ таратқыш ГРП, ПГБ бар. Онымен де жұмыс атқарып жатырмыз. Қызылорда облысы бойынша қазір қысқы маусымға дайындық 78%-ті құрап отыр. Алдағы тамыз айының аяғына дейін 100%-ке бітіреміз деп жоспарлап отырмыз.
Жылу маусымына дайындық жұмыстары компанияның бас директоры Бауыржан Асқаровтың тікелей бақылауында. Дегенмен, өңір тұрғындарының ұлттық оператор алдындағы қарызын өтемеуі жоспардың орындалуына кедергі болып отыр.
Әбіласан Ойсалов, газ саласының ардагері:
- Газ жетпей жатыр, қысым жетпейді деп арызданып жатыр халық. Ол үшін газ құбырларын үлкейтеді, редукторлар, ШРП қою керек. Сол арқылы газдың қысымын көтереді. Ол үшін ақша керек. Ақша халықтың қолында жатыр. Қарызды өтеу керек қой.
Мәдина Бұрханова, абоненттік бөлім бастығы:
- Дебиторлық қарызды өндіру мақсатында тұтынушыларға ескерту жасадық. Егер абонент 10 күн ішінде қарызын төлемесе, газ желісінен ажыратылады. Іс сотқа жолданады.
Қазір республика бойынша «QazaqGaz Aimaq» компаниясы алдындағы қарыз 36,5 миллиард теңгеге жетті. Төлемақы өтеуге асықпайтын тұтынушылардың ең ірілері «Маңғыстау атом энергетика комбинаты», «Ақтөбе ЖЭО» және «Таразэнергоорталығы».
Авторлары: Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев, Айтмұхамбет Бәйділдаев