Ақкөл ауданында «Jańa dala 2024» көрмесі өтті
Ақмола облысының Ақкөл ауданында «Jańa Dala 2024» халықаралық көрмесі өтті деп хабарлайды 24kz.
Оған Қазақстаннан және алыс жақын шетелден 200-ден астам аграрлық компания өкілдері қатысты. Сала мамандары соңғы жетістіктерімен бөлісіп, ауыл шаруашылығына арналған техникаларды таныстырды. Сондай-ақ асылтұқымды бұқалар мен қойларды сату аукциондары ұйымдастырылып, дрондар шоуы өтті.
Дала күні ауыл шаруашылығы мамандары үшін үлкен мереке. Биылғы жиынның ауқымы кең. Ақмола облысының Ақкөл ауданында үлкен лагерь құрылып, 5 мың адамның басын қосты. Отандық тауар өндірушілер мен шетелдік компания өкілдері бас қосқан алаңда саладағы жетістіктер талқыланып, өзіра келісімдерге қол қойды.
Марат Ахметжанов, облыс әкімі:
- Әрбір екінші комбайн Қазақстанда шығарылып жатқан, ол біздің облыста шығарылады. Сондықтан біз онымен үлкен орталық құрып, ситуациялық орталығын жасап, шаруашылықтардың қандай ұсыныстары бар соны енгізуге меморандум арқылы келісіп, біздің ұсыныстарымызды ескеріп, сондай жұмыс әрі қарай жалғасын табады.
Көрменің басты тақырыптарының бірі – ғылым мен инновация. Бүгінде елде ондаған ғылыми-зерттеу институты жұмыс істейді. Көптеген технологияларды біздің отандық ғалымдар дайындауда. Бірақ шетелдік озық әдістерді де меңгеру маңызды.
Қуантар Әлиханов, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының пәнаралық ғылым орталығының директоры:
- Қазіргі таңда Ұлттық ғылым академиясы форсайттық зерттеулер жүргізіп жатыр. Осы форсайттық зерттеулер арқылы біздің отандық стратегиялық міндеттерде қай саланы дамыту керек. Яғни приориттетті басым бағыттары анықталады. Бұл – жоспарлау, болашаққа болшау жұмыстарын жүргізу.
Келешекте ауыл шаруашылығы саласында дәл осы болжау жұмыстарына ден қойылмақ. «Сараптамалар өңірлерде суыққа және құрғақшылыққа төзімді сұрыптарды анықтауға сеп болады», - дейді ғалымдар. Әрі климаттық өзгерістер кезіндегі тәуекелдерге төтеп беруге көмектеседі.
Авторлары: Ғазиза мұхамеджанова, Жандос Битабаров