Су тасқыны: Қостанайда 53 отбасы баспаналы болды

Су тасқынынан зардап шеккен Қостанай облысының тұрғындары қоныс тойын тойлап жатыр деп хабарлайды 24kz.

Апатты деп танылған үйлердің орнына жаңа баспана берілді. Өңірге жұмыс сапарымен келген Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев 53 отбасына жеке үйлердің кілтін табыстады.

Қонай шағын ауданында 14 үй тұрғызылды. Бұл жерге облыс орталығынан келген отбасылар қоныстанады. Көктемде олардың баспаналарын су шайып, техникалық сараптама қорытындысы бойынша апатты деп танылған. Жеке секторға әбден үйреніп алған тұрғындар көпқабатты үйге көшуден бас тартып, жаңа тұрғын алабын таңдаған. Сапарғали Ыбыраевтың қуанышында шек жоқ. Ол 18 жыл бойы саманнан тұрғызылған үйде тұрды. Енді барлық коммуникациясы тартылған, аумағы 80 шаршы метр болатын жаңа баспанаға көшіп отыр. Қосымша жер учаскесі де бар.

Сапарғали Ыбыраев, қала тұрғыны:

- Су кетіп, қиын жағдай болды. Үйіміз бұзылып құлады. Істеуге жарамай қалды. Шынымды айтсам, толқып тұрмын. Үй әдемі. Бөлмелер үлкен. Өте қуаныштымыз. Рахмет, осындай үй істеп бергеніне.

Ал Алтынсарин ауылында 21 үй салынды. Оның біріне көпбалалы Гниляковтар отбасы көшіп келді. Олар қаладағы пәтерден гөрі жеке үйді құп көріпті.

Кристина Гнилякова, Алтынсарин ауылының тұрғыны:

- Мемлекет басшысына айтар алғысым шексіз. Ол жеке өзі жағдаймен танысып, «үйсіз қалмайсыздар» деп уәде берген. Сөзінде тұрды. Көбісі өз қалауы бойынша Қостанайдан пәтер алды. Бірақ біз осы ауылда қалдық. Үйіміз кең. Өте қуаныштымыз.

Облыс бойынша тасқын кезінде 1200-ден астам үйге зақым келді. Оның үштен бір бөлігін қалпына келтіру мүмкін болмаған. Қалғаны толық жөнделді.

Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- 468 үй апатты жағдайда қалған. Ал 815 үй жөндеу қажет болды. Қазір жөндеу жұмыстары 60%-тен аса бітті. Осы айдың ішінде. жөндеу жұмыстарын бітіретін боламыз. Келесі 50 үй 15 тамызға дейін олар бітетін болады. Бір ғана үй қалады көпқабатты үй, бесқабатты үй. Ол Арқалықта. 50 пәтерлік үй. Оны қыркүйектің 25-іне деп отырмыз.

Жанкелдин ауданы Тәуіш ауылында жеке секторлардың құрылысы толық аяқталды. Мұнда 22 отбасы жаңа баспана кілтіне ие болды. Ал өңірдің оңтүстігік бөлігінде қалаға көшуді жөн көргендер үшін Арқалықтан пәтер сатып алынды.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Наталья Строкова, Сергей Трахтенберг