Семейде Отантай Кәрібжановтың мерейтойына орай кеш өтті
Семейде Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Отантай Кәрібжанов 80 жасқа толды.
Мәдениет қайраткерінің мерейтойына орай «Өмір өрнектері» атты кеш өтті. Оған мәдениет саласының үздіктері, семейлік қоғам белсенділері мен қала тұрғындары қатысты.
Кәрібжанов Отантай Кәрібжанұлы мәдениет, өнер және білім беру саласында 1965 жылдан бүгінге дейін жұмыс істеп келеді. Арнайы музыкалық және педагогикалық білімі бар. Абай атындағы облыстық театрды 20 жыл басқарған. Сол уақытта театр музыкалық-драма театры болып қайта құрылды.
Төлеген Жанғалиев, қоғам қайраткері:
- Халқымыздың қадірменді ақсақалы болды. Енді сол ақсақалдықпен үйде жатып қалмай, ары қарай жастарға тәрбие, үлгі-өнегесін көрсетіп, дәріс бере береді деген ойдамыз. Амандық, саулықта жүздесейік.
Отантай Кәрібжанов 1999 жылдан 2011 жылға дейін Мұқан Төлебаев атындағы Семей музыкалық колледжінің директоры қызметін атқарды.Сол жылдары оқу ордасынан 515 маман түлеп ұшып, 186-сы консерваторияда, академияда және өнер институтында білімін жалғастырды. Бүгінде шәкірттері мәдениет және өнер саласындағы жетекші мекемелерде еңбек етіп жүр.
Төлеген Рахымбаев, опера әншісі:
- Отантай аға біздің қолымызда бар асыл қазынамыз ғой. Таза өнерсүйер, өнерге деген нағыз жанашыр адамдар – бұл кісілер. Оқуда енді қатал болатын. Бірақ бұл кісі өнерде де, өмірде де ағамыз ғой. Кей кезде еркелетеді, ұрсатын жерінде ұрсып алады.
Отантай Кәрібжанұлы зейнет демалысына кеткенімен қоғамдық өмірден қол үзген емес. Қазір республикалық «Абай Құнанбаев» қоғамдық қорының президенті. Мәдениет қайраткері: «бүгінге дейін жеткен басты жетістігім – тәрбиелеген шәкірттерім», – дейді.
Отантай Кәрібжанов, ҚР мәдениет қайраткері:
- Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп көргенім жоқ. Осының барлығы – менің еңбегімнің айғағы. Бүгінгі мынау – келіп тұрған мерейтойым. 80 жаста артыма қарайласам, Абай атамыз айтқандай, «шәкіртсіз ұстаз – пұл». Мен өзімнің шәкірттеріммен мақтанамын.
Отантай Кәрібжанов «КСРО мәдениет министрлігінің үздігі», «Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері», «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгілерімен, «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған. «Құрмет» орденінің иегері Абай ауданы мен Семей қаласының құрметті азаматы.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Берік Жобалайұлы.