Оралда баспанасы суға кеткен 65 отбасыға пәтер кілттері тапсырылды
Бүгін қоныс тойын тойлағандардың саяжайдағы жалғыз баспанасы тасқыннан кейін жарамсыз болып қалған.
Оларға пәтер алып беруге елдегі ірі компаниялар демеушілік жасады. Жергілікті билік жыл соңына дейін тасқыннан зардап шеккен 2,5 мың отбасыны үймен қамтимыз деп отыр.
Бүгін Мереке Жазитовтың отбасы үшін үлкен мереке деуге болады. Көктемде келген тасқын су оның жалғыз баспанасының шатырына дейін жетіп, дүние мүлкін шайып кеттікен еді. Жер кепкенде үйдің жағдайын тексерген арнайы комиссия адам тұруға жарамсыз деген қорытынды шығарған. Содан бері отағасының көңілі алаң еді. Бүгін үш бөлмелі пәтердің кілтін алды.
Мереке Жазитов, қала тұрғыны:
- Мың алғыс, не айтамыз енді. Жұмыстары жүре берсін, жемісті болсын. Бұйырса, өз жаңа үйімізге қоныстанамыз деген ойдамыз.
Светлана Жұмашева, қал тұрғыны:
- Келін, бала, екі немеремен тұрамыз. Жақсы ұнады. Жарық, жылы, кең, таза.
Тасқын кезінде Орал іргесіндегі саяжайларда мыңдаған үйді су басты. Оның 2 жарым мыңы үй иесінің жалғыз баспанасы екені анықталды. Сол тұрғындарды баспанамен қамту ісі қызу жүріп жатыр. Бүгінге дейін мың бір жүз отбасының мәселесі шешілген. Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің айтуынша пәтерлер демеушілердің қаржысына сатып алынып жатыр.
Нариман Төреғалиев, БҚО әкімі:
- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәкес, барлық осы судан зардап шеккен азаматтар ешқандай көсексіз қалмайды деп еді заң аясында. Міне сіздер соны көріп отырсыздар. Күні кеше біздер саяжайда тұрған болсақ енді міне жарқыраған, барлық жағдайы жасалған тұрғын үйлерде тұратын боламыз.
Қазір қала іргесіндегі Зачаган және Деркөл ауылы мен Жұлдыз шағын ауданында құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Күзге дейін мұнда типтік үлгідегі 374 үй пайдалануға беріледі.
Талғатбек Әбдіқожа, Альбина Құмарғалиева, Болат Жарылғасов