Оралда жасөспірімдер үйі жаңа кейіпке енді
Оралда «Шаңырақ» жасөспірімдер үйі күрделі жөндеуден өтті.
Осыдан 65 жыл бұрын салынған ғимаратқа соңғы 30 жылда құрылысшы қолы тимей, әбден азып кеткен еді. Енді жатақханада жетімдер үйінің түлектеріне барлық жағдай жасалып отыр.
3 қабатты «Шаңырақ» жасөспірімдер үйінде 74 бөлме бар. Мұнда жетімдер жеке баспанасы болғанша мекендейді. Дәл қазір жатақханада балалар үйінің 67 түлегі тұрады. Басым бөлігі үйлі-баранды, кәмелетке толмаған 78 бала бар. Былтыр ғимаратты жөндеуге бюджеттен 575 миллион теңге бөлінді. Жөндеу жұмыстары күзде басталып, биыл көктемде аяқталды. Есік-терезелер ауыстырылған, жуынатын бөлмелер, асханалар жаңартылған.
Айдана Тәжібаева, «Шаңырақ» жасөспірімдер үйінің тұрғыны:
- Қазір жақсы енді бұрынғыдан. Бұрын бүкіл жер сасық, тарақандар болды. Қазір шүкір. «Благоустроенный» үй сияқты ғой. Санузел қазір істеп берді. Өзгеріс бар ғой. Шатырда тесік болды. Қазір шатыр бәрін жөндеді. Есіктен жел кіріп жүрді. Есіктердің бәрін жаңасына ауыстырды.
Ғимараттың тек іші жөнделіп қоймай, ауласы да абаттандырылды. Бұрын қоқыс контейнерлері тұрған орында ойын және спорт алаңдары салынып, көлік тұрағы жасақталған.
Нариман Төреғалиев, БҚО әкімі:
- Тұрып жатқан отбасылардың барлығы – кезіндегі жетім балалар. Тұрғын үйге кезекке тұрғандар. Жөндеу жұмыстарына ризашылығын білдіріп жатыр. «Бұрын қандай болды, қазір қандай болды», – деп өздері салыстырмалы түрде айтып жатыр. Соның бәрі – Мемлекет басшысының жетім қалған балаларға қамқорлығы. Ол – мемлекет қамқорлығы. Біз үнемі мұндай жағдайдағы отбасыларға қажетті жағдайды жасауымыз керек.
«Жаңарған жатақхананы келешекте күтіп-ұстауға уәде етеміз», – дейді тұрғындар. Көпшілікпен кездескен облыс әкімі Нариман Төреғалиев жетімдер үйінің түлектеріне мемлекеттен жан-жақты қолдау жалғасатынын жеткізді.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов.