Елорда V Дүниежүзілік көшпенділер ойынына 80% дайын
Елордада өтетін бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойынына дайындық 80% аяқталды.
Стадиондар мен инфрақұрылым құрылысы тамыздың соңында толық бітеді. Әкімдік өкілдері мен ұйымдастырушылар жұмыс барысын таныстырды. Спорт орталықтарын қандай өзгеріс күтіп тұр? Байрақты бәсекеге дайнындығымыз қалай?
Дүбірлі доданың ашылу салтанаты өтетін «Астана Арена» стадионындағы құрылыс қарқынды. Ойын алаңының шатыры жаңарып, инфрақұрылымы толық жаңғырады. Сондай-ақ алып экран орнатылып жатыр. Мұнда ашылу салтанынан бөлек, Көшпенділер ойыны қарсаңында ұйымдастырылатын танымал әнші Димаш Құдайбергеннің концерті өтеді.
Нұрдәулет Құрбанбекұлы, қалалық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:
- Дайындық өте қарқынды жүріп жатыр. Адам саны барлық салада жұмыс істеп жатыр. Көріп отырғандарыңыздай, шатыр жұмыстары толығымен аяқталды. 1-2 күндік жұмыс қалды. Сыртта абаттандыру жұмыстары барлық жерде жүріп жатыр. Суағарлар бойынша, әрлеу бойынша. Қазір 500-ден астам адам жұмыс істеп жатыр.
Байрақты бәсекенің инфрақұрылымына барлығы 6 нысан кірді. Атап айтсақ, «Астана Арена» стадионы, «Қазанат» ипподромы, Ж. Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы, «Алау» мұз айдыны сарайы, «Qazaqstan» жеңіл атлетикалық спорт кешені және «Думан» кешені. 89 елдің спортшылары 21 спорт түрінен бақ сынаспақ. 97 медаль жиынтығын сарапқа салынады.
Абылай Қондыбаев, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясы басшысының орынбасары:
- Қонақүйлердің толығымен инфрақұрылымы дайындалып жатыр. Осы жұмыстарға араласатын еріктілерді дайындап, оқу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз және біздің келетін қонақтарды таситын көліктерді дайындап жатырмыз. Дайындық жұмыстары ақтық мәреде.
Жарыстың басталуына 46 күн қалды. Биылғы Дүниежізілік көшпенділер ойынында спортшылар ат жарысы, ұлттық күрес, дәстүрлі зияткерлік ойындар мен жекпе-жек сынды спорт түрінен жарысады. Одан бөлек, мәдениет пен ғылым бағытын да қамту жоспарланып отыр.
Авторлары: Бекзат Аманов, Бағдат Қайыркен.