«Kostanay Invest 2024» форумы басталды

Қостанай облысында «Kostanay Invest 2024» форумы басталды.

Дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан бұл басқосу кәсіпкерлер үшін тәжірибе алмасу әрі келісім алаңы деуге болады. Былтыр өткен дәл осындай форум үлкен жетістікпен аяқталып, өңірдің экономикалық дамуын қарқындатқан ірі жобаларға жол ашылған еді. Биылғы кездесу қорытындысы да одан кем түспесі анық. Өйткені аталған жиында индустриялық-инновациялық идеялар ұштасып, кәсіби сарапшылар ой бөліседі.

«Kostanay Invest 2024» форумы жергілікті кәсіпкерлердің ғана емес, әр өңірден тіпті шет елден келген бизнес өкілдері мен инвесторлардың басын қосты. 2 күнге созылған шараның алғашқысында 3 панельдік сессия өтті. Бұл жерде жас кәсіпкерлер мен стартап идея авторларын қолдауға басымдылық берілді. Мыңдаған аудитория жинап, оқырмандарын тәнті еткен ең танымал кәсіпкерлер шеберлік сағатын өткізді. Әсіресе такси қызметі саласындағы бизнесті мықты меңгерген Тимур Худайбергеновпен кездесу өте әсерлі өтті.

Тимур Худайбергенов, кәсіпкер:

- Мен өз өмірімде жинаған тәжірибеммен бөліскім келді. Кәсібіме сәттілік, табыс әкелген әдістер туралы ашып айтсам деймін. Сонымен қатар сұрақ-жауап алмасып, әріптестермен емен-жарқын әңгімелесу де үлкен нәтиже береді. Қостанай – еліміздегі ерекше өңірлердің бірі, астықты өлке. Ал ауылшаруашылық саласындағы бизнесті дамыту – күрделі дүние.

Кездесуге келгендер кәсіпті дамыту, қызметкерлерді ынталандыру, ортаға бейімдеу бойынша кеңес алды. Ербол Білімжанов Заречный ауылында тұрады. 10 жылдан бері құрылыс материалдарын өндіріп келе жатқан ол ауыл кәсіпкерлері үшін кәсіби маманмен жүздесу ауадай қажет деп санайды.

Ербол Білімжанов, кәсіпкер:

- Облыс әкімшілігі осындай мамандарды шақырғаны үшін мың да бір рақмет. Өйткені осындай бизнес алаңдар сирек болады. Жиі болып тұрса екен деп ойлаймын.

Жыл сайын өтіп келе жатқан «Kostanay Invest» форумы – облыстың инвестициялық имиджін қалыптастырып келе жатқан ерекше бастама. Бұған былтырғы басқосу дәлел бола алады. Ол кезде ірі инвесторлармен әкімдік арасында жалпы құны 440 миллиард теңге болатын келісімшарттар жасалды. Мәселен, Оңтүстік Корея автозауытымен Kia автокөлік өндірістік зауытын салу туралы, ал Полиметалл Евразия өнеркәсіптік холдингімен электр станцияларын салу бағытында келісімдер жасалды. «Жалпы Қостанай әлеуметтік инвесторлар үшін қашан да ашық», – дейді өлке басшылары.

Арман Әбенов, облыс әкімінің орынбасары:

- Форумның алдағы пленарлық отырысында металлургия және ауылшаруашылық саласы өнімдерін қайта өңдеу саласындағы жобалар ұсынылатын болады. Жалпы алғанда, біздің облыс әлеуметтік инвесторлар үшін қашан да ашық екенін, сондай-ақ жаңа бастамаларды іске асыруға жан-жақты қолдауға кепілдік беретіні туралы айтсақ дейміз.

Форум ертең индустриялық аймақта ұйымдастырылатын пленарлық отырыспен жалғасады. 500-ге жуық адам бас қосатын алаңда ірі келісімшарттар жасалады.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Сергей Трахтанберг.